Тоқаев: Өкілеттік үшін талас – игі бастаманың берекесін кетіреді

23 Қазан 2020, 12:00
2142
Бөлісу:
Тоқаев: Өкілеттік үшін талас – игі бастаманың берекесін кетіреді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан судьяларының VIII съезінде айтты.

Соттар тәуелсіздігін өлшеу бойынша біз 71-орынды иелендік. Ал заң үстемдігі индексі бойынша 67-орынға табан тіредік. Алайда ахуалды түбегейлі өзгертіп, сотқа деген сенімді арттыру үшін жұмысты жалғастыра беруіміз керек. Биылғы Жолдауымда құқық қорғау және сот жүйесін реформалау қажет екенін айттым. Осыған орай, менің тапсырмам бойынша арнайы комиссия құрылып, тиісті жұмыс  басталып кетті, - деді Тоқаев. 

Президент атап өткендей, сот жүйесіндегі процестерге азамат, кәсіпкер және инвестор тұрғысынан қарау керек. 

Біздің  заңдарымыздың шетелдің озық заңдарынан айтарлықтай өзгешелігі жоқ. Бар айырмашылық оны түсіну және қолдану тәсілінде. Дамыған мемлекеттер сот жүйесін реформалау барысында басқару ғылымын ұтымды пайдаланады. Онда адами ресурсқа, бизнес үдерістерінің қисынды болуына, заманауи технологияға басымдық беріледі. Бір сөзбен айтқанда, барлығы да адамға қолайлы болуы үшін жасалған. Біз сот саласындағы реформаларды біртіндеп жүзеге асырып келеміз. Бірақ нақты іске келгенде әсіре сақтыққа бой алдырамыз. Тіпті, өкілеттік үшін өзара талас жүріп, игі бастаманың берекесі кетіп қалады. Соның салдарынан елеулі өзгерістерге қол жеткізе алмай келеміз, - деді ол. 

Тоқаев айтқандай, сот жүйесін түбегейлі қайта құру ісіне және оны сапалы жүзеге асыруға аса мән берген жөн. 

Сот жүйесін реформалау саласында айтарлықтай ілгерілеу болуы үшін, ең алдымен, судьялардың кәсібилігіне және әділ сот пен сот ісін басқарудың сапасына негізделген түбегейлі жаңа тәсілдерге бет бұруымыз керек, - деді Президент.

Өзгелердің жаңалығы