Тоқаев Мұхамбетовке Арқалық жылу электр орталығын жаңғырту жұмыстарын тездетіп аяқтауды тапсырды

25 Мамыр 2021, 18:28
3389
Бөлісу:
Тоқаев Мұхамбетовке Арқалық жылу электр орталығын жаңғырту жұмыстарын тездетіп аяқтауды тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовті қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қостанай өңірінің биылғы төрт айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуы жөнінде есеп берілді. 

Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, өңдеу өнеркәсібі, негізгі капиталға инвестиция салу және тұрғын үйлерді пайдалануға беру салалары бойынша  оң көрсеткіштер бар. Қостанайда құны шамамен 80 млрд теңге болатын жаңа шойын құю зауытының құрылысы жүріп жатыр.  Аталған кәсіпорында 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Тоқаев Мұхамбетовке Арқалық жылу электр орталығын жаңғырту жұмыстарын тездетіп аяқтауды тапсырды

Мемлекет басшысына еліміздегі алғашқы оқшаулау орталығы құрылысының барысы мен Kia және Renault автомобильдерін құрастырудың  жаңа желісінің іске қосылғаны туралы баяндалды. Жыл басынан бері өңірде 16 459 автомобиль, оның ішінде, 15 599 жеңіл автомобиль, 736 жүк көлігі және 124 автобус шығарылды. Жыл соңына дейін 60 мың автокөлік құрастыру жоспарланған.

Қостанай облысы әкімінің айтуынша, бүгінде 2,8 млн гектар алқапқа дәнді дақыл және 500 мың гектар жерге майлы дақыл егілген. Егіс науқаны 1 маусымға қарай аяқталады.

Сонымен қатар Президентке Қостанай облысындағы эпидемиологиялық жағдай туралы мәлімет берілді. Мекемелер талапқа сай медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс құралдарының қоры да жеткілікті.

505 мың азаматқа вакцина егу жоспарланса, бүгінге дейін 80 мыңнан астам адамға екпе салынған. Сондай-ақ «Ashyq» мобильді қосымшасы белсенді енгізілуде. Қазір кәсіпкерлерден 270 өтінім қабылданған.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі елді мекендерді таза сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ, Арқалық жылу электр орталығын жаңғырту жұмыстарын тездетіп аяқтау жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.


Өзгелердің жаңалығы