Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшылары екіжақты күн тәртібіндегі барлық бағыт бойынша қазақ-өзбек қатынастарының даму қарқыны жоғары екенін атап өтті.
Президенттер стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге ниетті екенін айтып, өзара ықпалдастықты кеңейтудің нақты мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.
Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев өнеркәсіп, машина жасау, ауыл шаруашылығы, көлік салалары бойынша жоғары деңгейде қол жеткізген уағдаластықтарды тиімді жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталып, екі ел үкіметтерінің тығыз қарым-қатынас жасауы қажет екеніне назар аударды.
Мемлекет басшылары өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, Ауғанстандағы ахуалға байланысты Орталық Азияның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын күшейту мақсатымен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін нақтылады.