Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы Жолдауды жүзеге асыру шаралары туралы баяндалды.
Премьер-Министр Қазақстан Президентінің Жолдауындағы барлық бағытты жүзеге асыру үшін 7 қыркүйекке дейін Жалпыұлттық жоспар әзірленіп, Мемлекет басшысына бекітуге енгізілетінін жеткізді. Аталған жоспар экономиканың орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуды, денсаулық сақтау жүйесі мен білім беру сапасының тиімділігін арттыруды және аймақтық саясатты жетілдіруді қамтиды.
Асқар Мамин еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың жақсарып келе жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы екі аптаның ішінде вирустың таралу индексі 1-ден асқан жоқ, бүгінгі көрсеткіш – 0,87 болып тұр. Жұқпалы аурулар және жансақтау бөлімдеріндегі науқастар саны 40 пайызға азайған. Қазіргі уақытта 6,7 миллион адам вакцинаның бірінші компонентін қабылдаса, 5,5 миллион азамат екпені толық алған.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа импортқа тәуелділікті төмендетуге және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының құбылуына жол бермеуге қатысты алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жөнінде, егін жинау науқанының барысы мен еліміздегі экономикалық дамудың басқа да өзекті мәселелері туралы айтылды.
Кездесу соңында Президент Премьер-Министрге Жолдауды толық жүзеге асыруға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді. Мемлекет басшысы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды түбегейлі жақсарту үшін Үкімет пен аймақ әкімдерінің үйлесімді әрі тиімді жұмысы аса маңызды екенін атап өтті.