Тоқаев Құрбан айтта жағдайды ушықтырып алмауды тапсырды

19 Шілде 2021, 16:31
5371
Бөлісу:
Тоқаев Құрбан айтта жағдайды ушықтырып алмауды тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңесте Үкіметке Құрбан айт кезінде инфекциялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тапсырды.

Ертең бүкіл мұсылман қауымы үшін қасиетті Құрбан айт мерекесі басталады. Елде күрделі ахуал қалыптасып отыр. Сондықтан біз жұрттың құрбандық шалатын жерлерде жаппай жиналуын болдырмауымыз керек. Жағдайды одан бетер ушықтырып алуымыз мүмкін. Үкімет пен әкімдер осы мәселені ерекше бақылауда ұстауға тиіс, - деп тапсырма берді Президент.

Мемлекет басшысы Құрбан айтта инфекциялық қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету қажеттігін жеткізді.

Бүгін көтерілген барлық мәселе Үкіметтің ерекше бақылауында болуы тиіс. Жедел іс-қимылдың нақты жоспары қажет. Қабылданған шаралар туралы ай ішінде есеп беруді сұраймын, - деп атап өтті ол.

Тоқаев коронавирустың жаңа толқыны туралы сөз қозғады.

Коронавирустың жаңа толқыны ең жойқын болып отыр. Соңғы күндері жүздеген азаматымыздан айырылып қалдық. Әр өңірде ауруханаға түскен науқастардың саны күрт көбейді. Жансақтау бөлімдерінің барлығы іске қосылды. Қосымша дәрі-дәрмек пен құрал-жабдық сатып алынды. Вирус біз үшін ең қымбат жандарды алып кетіп жатыр. Бұл күресте біздің аға буын, ең қиыны балаларымыз зардап шегіп жатыр, - деп түсіндірді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өзгелердің жаңалығы