Тоқаев қоныс аударушыларға берілетін жәрдемақыны көбейтуді тапсырды

22 Қазан 2020, 12:51
1953
Бөлісу:
Тоқаев қоныс аударушыларға берілетін жәрдемақыны көбейтуді тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында айтты.

Ел ішіндегі миграциялық үдерістерді реттеу ісінің тиімділігін арттыра түсу қажет. Бұл ең алдымен азаматтарымызды еліміздің оңтүстігіне, солтүстігіне көшіруге қатысты. Осы мәселе Ұлттық кеңесте бірнеше рет көтерілді. Оны кешенді түрде шешу үшін біріншіден, Электронды еңбек биржасының базасында бірыңғай ақпараттық ресурс құру керек. Көшіп барушылар мемлекеттің көрсететін қолдауы туралы барлық ақпаратты тікелей әрі жедел алуы қажет. Екіншіден, қазіргі көшуге қатысты мәселелерді оңайлатқан жөн. Мемлекет мигранттарға барынша қолайлы жағдай жасауы тиіс, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары туралы айтты.
Жақында жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысында болдым. Бұл өңір демографиялық өсімі ең баяу аймақтың бірі болғанымен, қоныс аударушыларды тарту жағынан жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Аймақта көшіп келушілерге арналған жаңа тұрғын үйлер салынуда. Сонымен қатар, коммуналдық-инфрақұрылым дамып, әртүрлі әлеуметтік нысандар бой көтеруде, - деді Президент.

Сонымен қатар, Тоқаев мигранттарды ынталандыратын қосымша шара ретінде оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін 2 есеге, яғни 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке дейін көбейту керектігін айтты. 

Тоқаев Үкіметке бір айдың ішінде осы мәслені зерттеп, шешім қабылдауды тапсырды. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, аталған жиын барысында Мемлекет басшысы әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен елді билейтінін атап өткен болатын.

Өзгелердің жаңалығы