Тоқаев Әшімбаевты қабылдады

14 Сәуір 2021, 15:24
1584
Бөлісу:
Тоқаев Әшімбаевты қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Парламенттің жоғарғы Палатасының заң шығарушылық қызметі туралы мәлімет берілді.

Мәулен Әшімбаев Сенаттың қарауында жатқан заң жобалары жөнінде хабарлады. Олардың ішінде Мемлекет басшысының бастамасымен енгізілген жер қатынастарын реттейтін түзетулер ерекше орын алады.

Тоқаев Әшімбаевты қабылдады

Спикер Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы осы айдың аяғына дейін Сенаттың отырысына енгізілетінін, содан кейін құжат Президентке қол қоюға жіберілетінін айтты. 

Ал сайлау заңнамасына енгізілетін өзгерістерге келер болсақ, сенаторлар аталған заң жобасының Мәжіліс қарауынан өтуін күтуде. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, Сенат бұл мәселені мамыр айының бірінші онкүндігінде  қарап, тиісті заң жобасын қабылдауды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Парламенттің жыл басынан бері Еуразиялық экономикалық одақ аясында қол қойылған 8 халықаралық шартты ратификациялағанын жеткізді. Қазіргі уақытта Армения мен Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа қатысуына байланысты кейбір мәселелерді айқындайтын келісімдерді ратификациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мәулен Әшімбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сенатта мүмкіндігі шектеулі жандар үшін инклюзивті қоғамдық орта қалыптастыру мәселесі бойынша жұмыс тобы құрылғаны туралы айтты. Бұл жұмыс тобы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылды. Спикердің айтуынша, заңнамаға енгізілетін тиісті өзгерістер мен толықтырулар биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп әзірленеді. 

Сенат Төрағасы Мемлекет басшысына  сенаторлардың қатысуымен өтетін алдағы бірқатар халықаралық іс-шара жөнінде мәлімет берді.

Өзгелердің жаңалығы