Тоғжанов жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру міндетін қойды

3 Қазан 2022, 16:13
1077
Бөлісу:
Тоғжанов жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру міндетін қойды

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Шалқар ауданына жұмыс сапары барысында жер қойнауын пайдаланушы 12 компания өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұған дейін іргелес жатқан қиыршық тас карьерлері орналасқан Біршоғыр ауылының тұрғындары елді мекендегі қиыршық тас өндірумен және өңдеумен айналысатын кәсіпорындар тарапынан орын алған заң бұзушылықтарға қатысты бірнеше рет сауалдар қойған болатын. 

Атап айтқанда, олардың айтуынша, жарылғыш технологияны қолданудың салдарынан ауылда құм-шаңды дауыл жиі болып тұрады. 

Аймақ басшысы бұл мәселені ерекше бақылауға алды. 

Оның тапсырмасы бойынша экология заңнамасының нормаларын сақтау мәселесімен және оны шешудің нақты жолдарын анықтайтын арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамына экологтар, санитарлық дәрігерлер, прокуратура және басқа да уәкілетті органдардың өкілдері кірді. 

Ералы Тоғжанов осы ауылда жұмыс істейтін компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру міндетін қойып отыр. 

Жыл сайын кәсіпорындар 7-8 миллион тонна қиыршық тас өндіреді, бірақ белгілі болғандай, ауылдың да, ауданның да әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалыспайды. 

Сіздер осында жұмыс істейсіздер және ауылға, бүкіл ауданға әлеуметтік бастамаларды әзірлеуге және жүзеге асыруға көмектесуіңіз керек. Бұл талап барлық жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты, - деді облыс әкімі. 

Осы мәселені жедел шешу мақсатында Ералы Тоғжановтың тапсырмасы бойынша жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың бірінші басшыларының қатысуымен кеңес өткізіліп, оларға қиыршық тас карьерлерінің жанында орналасқан елді мекендердің тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту және абаттандыру жөнінде тапсырма беріледі.  
 

Өзгелердің жаңалығы