Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Қазыбек Иса Конституцияда қазақ тілінің мәртебесін айқындауды сұрап, Үкімет басшысына сауал жолдаған болатын. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов осы мәселеге өз пікірін айтты.
Қазақ тілінің Мемлекеттік тіл екеніне ешкімнің ешқандай күмәні жоқ. Бүгінгі күні ана тілімізде сөйлеуге ешкімге кедергі де жоқ. Өздеріңіз білетіндей, Үкіметтің барлық отырысы қазақ тілінде өткізіледі. Сондықтан оны әрі қарай дамыту әр қазақтың қолындағы, мойнындағы парызы деп айтсам артық болмайды, - дейді Үкімет мүшесі.
Оның сөзінше, елімізде халықтың 70%-ға жуығы қазақ тілінде сөйлейді. Әсіресе, бұл сұрақтарды мектептердің, колледждердің, университеттердің деңгейінде дамытуымыз керек.
Қазіргі күні мектептердің өзінде сабақтардың 70%-ы қазақ тілінде жүргізіледі. Бұл үлкен жобалардың бірі. Бірақ бұл саясаттандыратын сұрақ емес. Бүгінгі таңда тіл мәселесі Мәдениет және спорт министрлігінен Білім және ғылым министрлігіне берілді. Тілді нақты әдістемесін жетілдіре отырып, әр қазақтың баласының санасына жеткізу керек. Сондай-ақ Қазақстанда тұратын бүкіл ұлтқа болашақта мемлекеттік тілде сөйлеуіне мүмкіндік жасалды. Бірақ оны жүзеге асыру бәріміздің мойнымызда, - деп атап өтті Тоғжанов.
Еске сала кетейік, бұған дейін Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса Конституцияда қазақ тілінің мәртебесін айқындауды сұраған еді.