Депутат Конституцияда қазақ тілінің мәртебесін айқындауды сұрады

27 Сәуір 2022, 16:13
2370
Бөлісу:
Депутат Конституцияда қазақ тілінің мәртебесін айқындауды сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса Конституцияда қазақ тілінің мәртебесін айқындауды сұрады. 

Ол Ұлттық идеология концепциясын қабылдау керегін айтып, Үкімет басшысының атына сауал жолдады.

Мемлекеттің жаңа дәуірін бастап берген қаңтар қасіреті 30 жылдағы барлық қателіктерді әйгілеп берді. Сондықтан да Президент Қ.Тоқаев бастаған саяси реформаны ел қолдап жатыр. Қаңтар қасіреті ең алдымен елімізде 30 жылдан бері Ұлттық идеологияның ұшқыны да болмағанын әшкере етті. Енді саяси реформамен бірге шұғыл Ұлттық идеология концепциясын қабылдау керек, - деді депутат.

Оның сөзінше, отаншылдық  Ұлттық идеологиядан басталады. Ал ұлттық идеология – ең алдымен Мемлекеттік тіл!

Қазір халықты біртұтас етіп біріктіруші ұлттық идеологиямыз – Мемлекеттік  тіліміз болуы керек. Бұны еліміздегі этностардың бәрі де қолдауда. Ассамблея былтыр мемлекеттік тілді міндеттеу туралы үндеу қабылдады. Түркияның тұңғыш президенті Ататүрік  «Түркиядағы 78 ұлт  бүгіннен бастап бір тілде - түрікше сөйлейміз!» -деп жариялады. Осындай қазақ ұлты алдындағы тарихи жауапкершілік пен аманат бізде де атқарылуы тиіс еді, - деп айтты мәжілісмен.

Қазыбек Исаның сөзінше, елді біріктіріп, топтастыру үшін барлық ұлт тек мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс.

Мен 1979 жылы Алматыға келгенде барлық жерде орыс тілі үстем еді. Біз Кеңес Одағының боданы, отар ел едік. 1999 жылы ұлым: «Әке, неге барлығы орыс тілінде?» деп сұрады. «Тәуелсіздікке көп болған жоқ, алда бәрі қазақша болады» деп айтып, оған өзім де сенген едім. Биыл, 2022 жылы енді немерем: «Неге барлық жерде орысша?» - деп сұрады. Ал бұл кезде Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асты. Бұған мен, яғни біз не деп жауап береміз? Бұған кім жауап береді? Ұлттық мүддені қорғау – Мемлекеттік тілден басталады. Ал бізде 30 жылдан бері Мемлекеттік тіл туралы заң жоқ, - деп айтты ол өзінің депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, Конституцияның тіл туралы бабының бірінші тармағын орындамай, екінші тармағын орындайтын ел әлемде тек Қазақстан.

Конституциядағы 7-бапты өзгертіп, қазақ тілінің Мемлекеттік тіл ретінде жеке дара статусын айқындау керек. Тәуелсіздік алған 30 жылда өз тілін білмейтін ұрпақ өсіп шықса, сонда біз қай елде, қандай Тәуелсіздікте өмір сүргенбіз? Мемлекекеттік тіл есіктен кіре алмай жылап тұрса, біз неге жетісіп, қалай төрде отырамыз?! Мемлекеттік тілімізді міндеттейтін заң шығара алмасақ, бұл жерде неге отырмыз? – дейді Қазыбек Иса Мәжілісте.

Мәжілісменнің сөзінше, өзге елдерде мемлекеттік тілді көтерсең – патриотсың, ал бізде жаусың! Ол егер екеуі екі тілде сөйлесетін болса, ститін мемлекет халықты қалай түсінетінін сұрады.

Біз Мемлекеттік тілімізді міндеттейтін заң қабылдау  үшін енді тағы 30 жыл үшінші президентті күтуіміз керек пе?! Елбасы енгізген Конституция мен заңдарымыздағы мемлекеттік тілдің бейшаралығын білдіретін баптардың бәрін де зейнетке шығарып жіберу керек. Салық төлеу қандай міндет болса, мемлекеттік тілді білу де сондай міндет болуы тиіс. «Екі тілге бірдей жағдай жасау керек» деген – екіжүзділік. Ол аштан өлгелі жатқанның аузынан асты жұлып ап, тоқтықтан жарыла жаздап отырғанның аузына тығумен тең. Мемлекеттік тілді қорлатпау – мемлекет басшыларынан бастап, бәріміздің басты міндетіміз болуы тиіс, - деді ол.

Мәжіліс депутаты жоғарыда аталған мәселелерді негізге ала отырып бірнеше ұсыныс айтты.

1.Ұлттық идеологиямыздың концепциясын тез арада заңды түрде бекіту қажет.

2. Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау керек.
3. Конституциядағы тіл туралы бапқа өзгеріс енгізіп, қазақ тілінің Мемлекеттік тіл ретінде жеке дара статусын айқындау керек.
4. Мемлекеттік тілдің дамуы мен  тиісті заңды қадағалау  үшін тікелей Президентке қарайтын Тіл агенттігін құру қажет.
5. Қазақстанның ұлттық ақпараттық қауіпсіздігін жасап, шетелдік телеарналар мен БАҚ-тардың таралуын шұғыл тоқтату қажет.
6. Қазір геосаяси жағдайларға байланысты біздің елге  басқа елдерден қоныс аударушылар ағылып жатқандықтан, Ұлттық қауіпсіздік мақсатында 2019 жылы «Ақ жол» фракциясы ұсынғандай, Қазақстан Азаматтығын алу үшін мемлекеттік тіл мен ел тарихынан емтихан тапсыруы тиіс.

Өзгелердің жаңалығы