Тоғжанов қала маңындағы елді мекендердің жайымен танысты

8 Қараша 2022, 19:25
739
Бөлісу:
Тоғжанов қала маңындағы елді мекендердің жайымен танысты

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов облыс орталығы Ақтөбе қаласының маңындағы елді мекендердің тұрмыс жағдайымен және құрылысы жанданған ғимараттардың жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өңір басшысы алдымен Жаңақоныс-2 тұрғын алабында болды. Бұл маңнан облыс тұрғындарына 1000-нан астам жер телімі берілген. Бүгінгі таңда 700-ге жуық үй салынған елді мекен барлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.

Облыс әкімі 2023 жылы құрылысы басталатын 600 орындық мектептің аумағын көрді. Білім ордасының жанына балабақша салу да жоспарда бар. Қазіргі таңда аталған елді мекенде тұратын оқушылар арнайы мектеп автобусымен тасымалданады.

Ералы Тоғжанов қала әкімдігі мен тиісті мекеме басшыларына елді мекенде өз мақсатына сәйкес пайдаланылмай жатқан жерлер бойынша жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды.

Жалға алу мерзімін ұзартудың жаңа ережелерін бекіту керек. Жер телімін алған тұрғындар не үй салуға кірісу керек, не мемлекетке қайтаруы керек. Берілген жер бос жатпауы керек. Босаған учаскелерді кәсіпкерлік нысандары немесе саябақ аумағы ретінде пайдалануға болады, — деді Ералы Тоғжанов.

Бұған дейін облыс әкімінің қабылдауына келген «Батыс-2» шағын ауданының тұрғындары «Миллениум» тұрғын үй кешеніне қатысты мәселелерді айтқан болатын. Атап айтқанда, мердігерлер құрылыс жұмыстарын уақытынан кешіктірген.

Ералы Тоғжанов мән-жайды көру үшін тұрғын үй кешеніне барып, пәтер иелерімен кездесті. Кездесуде тұрғындар әлі жылу келмегенін айтып, өз алаңдаушылықтарын жеткізді.

Облыс әкімі бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысын тексеріп, аталған кешенді ерекше бақылауына алды.

Ол кешенге жылу берілгеніне және барлық кемшіліктердің жойылғанына көз жеткізді. Құрылыс жүргізуші қалған жұмыстарды екі апта ішінде аяқтауға уәде беріп отыр.

Ауызсумен қамту мәселелері Бауырлар-3 және Шилісай тұрғын үй алабының тұрғындары үшін әлі де өзекті.

Бауырластар-3 тұрғын үй алабында мыңнан астам жер учаскесі пайдалануға берілген, алайда 200-ден астам ғана үй бой көтерген. Келер жылы мұнда 600 орындық мектептің құрылысы басталмақ. Егер ауызсу мәселесі оң шешімін тапса, халық жеке тұрғын үй құрылысын белсенді жүргізуге дайын. Бұл мәселе тұрғындармен есеп беру кездесулерінде де, әлеуметтік желілерде де бірнеше рет көтерілді.

Осыған байланысты Ақтөбе қаласының әкімі қысқа мерзім ішінде жобалық сметалық құжаттарды әзірлеп және жобаның мемлекеттік сараптамасын аяқтауға тиіс.

Шилісай тұрғын үй алабында 1200 учаскенің тек 50-60-нда ғана жеке тұрғын үй тұрғызылған. Қалаға қарасты екі елді мекенді орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету үшін 1,6 млрд.теңге бөлінеді.

Облыс әкімі 2018 жылдан бастап 600 орындық мектеп құрылысын аяқтай алмай отырған мердігер ұйымның іс-әрекетіне көңілі толмайтынын айтты. Нысан басқа құрылыс компаниясына берілуі мүмкін. Ералы Тоғжанов өз міндеттемелерін сапалы және уақытылы орындамаған компаниядан барлық қаражатты өтеуді талап етті. Әзірге мұнда тұратын 432 оқушы Украинка ауылындағы мектепте білім алып жатыр.

Сондай-ақ,  облыс әкімі алдын ала жүргізілген рейд барысында аумағынан қоқыс табылған темір жол вокзалы мен «Сапар» автовокзалында болды.

Өңір басшысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшылығына жұмысты күшейтіп, санитарлық талаптарға сай келмейтін кәсіпорындар мен ұйымдарға қатаң шара қолдануды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы