Тоғжанов: Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – негізгі мәселе

21 Қыркүйек 2022, 15:35
949
Бөлісу:
Тоғжанов: Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – негізгі мәселе

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Сазды су қоймасының, Песчанка және Жіңішке өзендерінің жағдайымен танысып, оларды қысқа мерзім ішінде тазартуды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыс басшылығы су тасқынына қарсы жол картасының жүзеге асырылуына байланысты мәселені ерекше бақылауда ұстап отыр. Өңір үшін бұл бағыт 2022 жылғы көктемгі су тасқынынан кейін өзекті болып отыр.

Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету - негізгі мәселе. Біз 2017 жылғы су тасқынының себеп-салдарын зерттеп, осы жылғы жағдайды зерделедік, сарапшылармен кеңесіп, өзен арналарының бірнеше шақырымын тазартуға кірісеміз деп шештік. Барлық жауапты органдарға тиісті тапсырмалар берілді,- деп атап өтті  Ералы Тоғжанов. 

Өңір басшысы Сазды су қоймасын бойлай өсіп, көктемде ағысқа кедергі болатын қамыстан арнайы техникамен тазартуды тапсырды. 

Сол сияқты, Ақтөбе-Орск тасжолын кесіп өтетін көпір ауданындағы Песчанка өзенінің арнасына да қамыс пен арамшөп өсіп кеткен. Песчанка өзені биыл көктемде 1993 жылдан бері алғаш рет көтерілді. Ал қазір суы тартылып, құрғап жатыр. 

Алдағы көктемде биік өскен шөп еріген қар суының ағысына кедергі болуы мүмкін. Осыған байланысты, облыс әкімі кемінде жүз адамды жұмылдыра отыра өзен арнасын тазартуға жедел кірісуді тапсырды. Жұмыс осы аптаның ішінде аяқталуы тиіс. 

Сондай-ақ, өткен көктемде мәселе туғызған Жіңішке өзені де облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Жеңіс даңғылы ауданындағы Жіңішке өзені үстімен өтетін көпірді жөндеп бітірген соң мұнда көне көпірді бұзу жоспарланып отыр: тұрғындар осы сұрақты бірнеше рет көтеріп, оның адам өмірі үшін қауіпті екенін айтқан. Облыс әкімі өзен арналарын тазарту мақсатында ұйымдастырылатын шаралардан бөлек, Елек өзенінің жағасы (Набережный көшесі тұсында) абаттандырылып, тұрғындар демалатын аймаққа айналады деп күтіліп отырғанын жеткізді. 

Жалпы, Ақтөбе қаласы арқылы өтетін алты өзеннің арнасын тазарту, түбін тереңдетіп, жағасын бекітетін жоба түзетуді қажет етеді. Қазір жобалық-сметалық құжаттама түзету енгізу үшін орталық мемлекеттік органдарға келісімге жіберілген. Оның қорытындысын күтіп отырмыз. Жоба жаңартылуы керек. 2023 жылдың көктемінде тұрғындарға қауіп туғызбас үшін су басу мүмкіндігін төмендету шараларын қабылдап жатырмыз. Негізі көктемге дайындық қазір басталғаны жөн, қыс айларында мұндай жұмыстарды жасауға ауа райы қолайсыз, ал көктемде тым кеш болуы мүмкін. Осы аптада Сазды су қоймасы, Жіңішке және Песчанка өзендері бойынша нақты шешімдер қабылдауымыз керек. Халықты су тасқынының алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан шаралардан толық хабардар етіп отыратын боламыз,- деп сөзін түйіндеді Тоғжанов.

Өзгелердің жаңалығы