Тоғжанов Ақтөбедегі құрылыс және жол жөндеу жұмыстарымен танысты

4 Қыркүйек 2022, 15:40
790
Бөлісу:
Тоғжанов Ақтөбедегі құрылыс және жол жөндеу жұмыстарымен танысты

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ақтөбедегі жол құрылысының маңызды жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысты, сондай-ақ Есет батыр атындағы тұрғын үй алабының 4-шағын ауданындағы құрылысы ұзаққа созылған мектепте болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Атап айтқанда, облыс басшысы "Ақтөбе-Қандыағаш" автожолын реконструкциялау барысын тексерді. Жобада жолды 4 жолаққа дейін кеңейту, көпірлер, мал өткелдері және теміржол арқылы өтетін жол өткелдерін салу қарастырылған. Нысан 2023 жылы пайдалануға беріледі. Қараша айында автожолдың асфальтталған екі жолағы бойынша қос бағытқа жол ашу жоспарлануда.

Сондай-ақ, облыс әкімі 41-разъезд ауданындағы Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолының қайта құрылысымен танысты.  Ералы Тоғжановтың тапсырмасы бойынша аталған учаске арқылы жол жүру жыл соңына дейін ашылады.

Елек өзені арқылы өтетін көпірден "Ақтөбе-Орск" (Ақжар тас жолы) автожолына дейінгі жолды қайта жаңғырту жалғасуда. Жөнделетін учаскенің ұзындығы - 9,2 шақырым.  Жолды 4 жолаққа дейін кеңейтетін қайта құру жұмыстары 2023 жылы аяқталуы керек.

Келесі жылы ұзындығы 38,2 шақырым болатын "Ақтөбе-Родниковка-Мәртөк" автожолының орташа жөндеуі аяқталады. Облыс басшысына жұмыстардың кесте бойынша жүргізіліп жатқаны баяндалды.

Жұмыс сапары "Ақтөбе қаласының батыс айналма жолы" автожолының құрылысымен танысумен жалғасты. Ұзындығы 8,3 шақырым болатын бұл магистраль "Самара-Шымкент" және "Ақтөбе-Мәртөк - РФ шекарасы" трассаларын жалғайды. Айта кетейік, жобаны жүзеге асыру үшін 2000 тонна битум сақтайтын асфальт-бетон зауыты салынады, бұл битумды қыста, сұраныстың төмендеген кезінде сатып алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар облыс әкімі Тәуелсіздік даңғылындағы автожолды 8 жолаққа дейін және Батыс-2 шағын ауданындағы М.Шоқай көшесіндегі жолды 6 жолаққа дейін кеңейту жұмыстарымен танысты. Ішінара көлік қозғалысы үшін ашылған жолдарды қайта құру жоспар бойынша жүргізілуде.

Жол құрылысының барысымен танысудың қорытындысы бойынша өңір басшысы мүдделі мемлекеттік органдар мен мердігер ұйымдарға бірқатар тапсырмалар берді. Ол барлық нысандарда битум тапшылығы байқалатынын және бұл мәселені бірінші кезекте шешу қажеттігін атап өтті.

Барлық жоба мен мердігер бойынша өзекті жұмыс кестесі жасалып, қатаң бақылау талап етіледі. Қазір битум мәселесі бойынша келіссөздерге кірістік, сонымен қатар қыс мезгілінде осы өнімді сатып алу тәжірибесін кеңейту мүмкіндігін зерделеу қажет. Бұл туралы өндіруші зауыттар тарапынан да сұраныстар түсуде, - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Есет батыр атындағы тұрғын үй алабының 4-шағын ауданында мектепті пайдалануға беруді жеделдетуді тапсырды. Бір ауысымда 900 оқушы білім алатын көптен күткен бұл мектеп биыл ашылатын болады. Құрылыс кезінде мердігерлер жұмыс жүргізу мерзімін бұзғандығы белгілі. Ғимарат 2019 жылы пайдалануға берілуі керек болатын. Қазіргі уақытта үй-жайларды ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Ғимаратты аралаған облыс әкімі мердігер тарапынан ұйымдастыру жұмыстарының көңіл көншітпей отырғанын атап өтті. Жөндеу жұмыстарын небәрі 25 адам жүргізеді, ал мұндай ауқымды жұмыстарға кемінде 100 жұмысшы қажет.

Аймақ басшысы мердігерге барлық жұмысты 10 қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды. Құрылыс компаниясының басшысы өзіне жауапкершілік алып тапсырманы орындауға уәде берді.​ ​

Еске сала кетейік, Ералы Тоғжанов екі жыл ішінде Ақтөбе облысындағы апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін толығымен жою міндетін қойған болатын.

Өзгелердің жаңалығы