«Тобыл» Қазақстан суперкубогының иегері атанды

2 Наурыз 2022, 22:45
1419
Бөлісу:
«Тобыл» Қазақстан суперкубогының иегері атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанайдың «Тобыл» командасы биыл футболдан Қазақстан суперкубогының иегері атанды, деп хабарлайды olympic.kz.

Суперкубокті өткен маусымның чемпионы - қостанайлық «Тобыл» мен кубок иегері - алматылық «Қайрат» сарапқа салды. 

Кездесу барысында қос команда алға қарай ұмтылды. Осындай сәттің бірінде алматылық команда қорғаушылары өздерінің айып алаңында қарсыласты шалып шықты. Бас төреші Данияр Сахи он бір метрлік нүктені көрсетті. Қостанайлық Серікжан Мужиков пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Бірінші кезеңнің соңына таман алматылық клубтан Жоао Паолоның алыстан тепкен добы қақпа торында тулап жатты. 

Екінші кезеңде екі команда тағы бір гол соғу мүмкіндігін іздеді. 62-минутта «Тобыл» қақпасына белгіленген пенальтиді «Қайрат» футболшысы Рикарду Алвеш нысанаға тура бағыттай алған жоқ. Есесіне 83-минутта қостанайлық футболшы Айбар Жақсылықов жеңіс голын соғып кетті. 

Осылайша «Тобыл» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті. Қостанайлық клуб екінші жыл қатарынан суперкубок иегері атанды.

Өзгелердің жаңалығы