Жаңаөзен, BAQ.KZ тілшісі. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов мұнайшылар шаһарында жұмыс сапарымен болды.
Негізгі мақсат – Жаңаөзендегі жұмыссыз тұрғындар мәселесін шешу бойынша құрылған қоғамдық комиссия мүшелерімен кездесу. Жиында қала халқын жұмысқа орналастыру басты назарда екені айтылды. Осы мақсатта ақпан айынан бері қолға алынғанын кешенді шаралар мен оған қатысты атқарылған жұмыстар туралы мәлімде жасалды.
«Біріншіден, осыған дейін Жаңаөзенге арнайы келіп, «Ашық есік күнін» өткіздік. Шараға екі мыңнан астам адам қатысты. 1137 азаматқа түсінік жұмыстары жүргізіліп, 630 адамның өтініші бойынша нақты жұмыс басталды. Бұдан бөлек, мен 480 адаммен кездесіп, 18 азаматтың көкейде жүрген сұрақтарын тыңдадым. 10 тұрғынды жеке қабылдадым. Осы «Ашық есік» күні аясында менің ұсынысыммен жұмыспен қамту мәселелері бойынша қоғамдық комиссия құрылды. Оның құрамына өздеріңіздің орталарыңыздан 16 адам сайланды», - деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Толықтыра кетейік, осы жылдың 21 ақпанында аталған комиссия мүшелерімен Маңғыстау облысының әкімдігінде кездесу өткізілген еді. Жиынға «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев пен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Отырыста комиссия мүшелері көтерген мәселелер бойынша кешенді жұмыстар қолға алынды. Қазіргі таңда прокуратура органдарымен «Өзенмұнайгаз» компаниясының адамдарды жұмысқа қабылдауы бойынша өткізген іс-шараларының заңдылығы тексеріліп жатыр. Толық ақпарат бір айдың ішінде белгілі болады деп күтілуде.
Сондай-ақ осы жиында Жаңаөзен қаласы аумағындағы барлық букмекерлік орталықтар жабылады деп шешілді.
«23 ақпан күні Жаңаөзен қаласында «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» өтті. Оған бір мыңнан астам адам қатысты. 101 кәсіпорын тұрғындарға 1061 ваканция ұсынды, оның 546-сы Жаңаөзен қаласында. Орташа жалақы 110 мың теңге төңірегінде. Сонымен бірге, 180-200 мың, 250 мың теңгеге дейін де жалақылар бар. Бұдан бөлек, 105 азамат тегін қысқа мерзімді оқыту курстарына жазылған. Білім саласы бойынша жұмысқа орналасу үшін 38 адам жолдама алды. Айта кету керек, бұл жәрмеңкеге облысымыздың барлық өндіріс мекемелері мен компаниялары, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының өкілдері қатысты», - дейді аймақ басшысы.
Қазіргі таңда Жаңаөзен қаласындағы төрт мекен-жайда тұрғындарды жұмысқа қабылдау басталды.
Алғашқысы – «Ардагерлер үйі» ғимаратынан комиссия мүшелеріне арнайы бөлме бөлінді. Онда жұмысқа орналасуға ниетті азамттардың тізімі жасақталды. Екіншісі – «Өзенинвест» кәсіпорны. Бұл мекемеде 350 жаңа жұмыс орыны құрылды, олардың арасынан 49 азамат бүгінде жұмысқа қабылданып отыр. Үшінші нүкте – қалалық білім бөлімінің ғимаратында облыс орталығынан келген 23 кәсіпорын өкілдері қоғамдық комиссия мүшелерімен бірлесе қала тұрғындарын қабылдап жатыр. Халыққа жалпы саны 324 жұмыс орны ұсынылуда. Бүгінде 465 азамат түйіндеме тапсырып, олардың 84-не келісім берілді. Оның ішінде 11 адам Ақтауға жұмысқа орналасу үшін жолға шықты («ҚазАзот» мекемесіне – 5 адам, «Машинақұрастыру зауытына» бір адам, «Оңдасын строй» компаниясына бір адам, «Ақжол құрылыс» мекемесіне екі адам, сондай-ақ «К7 групп» және «СМК-4» серіктестеріне бір адамнан). Бұдан бөлек, тағы 79 түйіндеме қаралып жатыр.
Айта кетейік, Ақтаудағы кәсіпорындарға жолдама алатын Жаңаөзен қаласының тұрғындарын баспанамен қамту мәселесі де шешіліп жатыр. Олар сол кәсіпорындардың жанындағы жатақханаларға орналастырылады.
Кәсіп ашу және осы саланы дамыту мәселелері бойынша Жаңаөзен қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Бизнестің Жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы және аймақтық «Нұр капитал» (1%-дық несие беру) жобасы бойынша халыққа жан-жақты ақпарат беріліп келеді.
Бизнес-ортаны қолдау және көркейту бағдарламаларына сәйкес жеке кәсіпкерлер 100-ден астам адамды жұмысқа қабылдауға дайын (Оның ішінде «Нұр капитал» бағдарламасы бойынша ісін бастаған мекемелер де бар). Бүгінде 50 адам тұрақты жұмысқа қабылданады. Сонда жалпы алғанда 183 адам жұмысқа орналастырылған.
Сонымен қатар, қоғамдық комиссия мүшелері аула аралау жұмыстарын жалғастыруда. Әлеуметтік аз қамтылған тұрғындар, мүгедектер мен көпбалалы отбасыларды қолдау үшін тиісті шаралар атқарылуда. Алғыс айту күні қарсаңында 300 аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қайырымдылық шараларымен қамту жоспарланып отыр. Оларға 9 млн теңге көлемінде азық-түлік түрінде көмек көрсетіледі (бір отбасыға шамамен 30 мың теңге). Ал аса мұқтаж аз қамтылған отбасыларды 80 пәтермен қамту мәселесі шешілуде.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Жаңаөзен қаласы тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімдікті арттыру үшін 50 орындық медициналық орталық құрылысын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Жиында бұдан бөлек, Бостандық шағын ауданы және Рахат, Ақсу, Мерей, Жұлдыз ауылдарында дренаждық жүйесі мен нөсерлік кәріз салу жұмыстары пысықталды.
Бұл, біраз жылдан бері шешімін таппай жүрген мәселе. Биыл 100 млн теңге бөлінді. Алдағы уақытта 427 млн теңгесін қарастыратын боламыз. Сөйтіп, мәселе толық шешіледі. Биыл қалаішілік жолдардың құрылысына және Рахат ауылының кейбір көшелерін асфальттауға алғашқы транш бөлінді. Қалған қаражатты қарастырып жатырмыз», - деді Ералы Тоғжанов қоғамдық комиссия мүшелерімен кездесуінде.
Жалпы алғанда, Жаңаөзен қаласының кешенді даму жоспары негізінде екі жыл ішінде шаһардың дамуына қомақты қаражат бөлу жоспарланып отыр. Жиын аясында сөз алған қоғамдық комиссия мүшелері бірнеше күннен бері атқарылған жұмыстарды баяндады. Олар жұмысқа өтініш берген азаматтардың үйлерін аралап, олардың нақты жағдайымен танысқандарын өңір басшысына жеткізді.
Томирис Әділ
Фото: автордікі