Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алты тілге аударылған қазақ әдебиеті антологиясын таныстыру кезінде Алматы әкімі жазушыларға мемлекет тарапынан қолдау жасау жалғаса беретінін мәлімдеді.
Жиын барысында Бақытжан Сағынтаев биылғы жыл ұлы кемеңгер әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларымен орайлас келіп отырғанын айта келе, Алматы қаласының әкімдігі тарапынан қазақ әдебиетін, шығармашыл зиялы қауым өкілдерін жан-жақты қолдау жалғасын таба беретінін жеткізді.
Оның айтуынша, Жазушылар одағының 820 мүшесі бар және оның 360-ы осы Алматы қаласында тұрады екен.Өткен жылы Жазушылар одағының 85 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде өтті. Жергілікті бюджет есебінен 250 млн теңге қаражат бөлініп, Жазушылар одағының ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алматы қаласында тұратын 150 ақын-жазушылар 500 мың теңгелік ақшалай грант сертификаттарымен марапатталса, биылғы жылы Жазушылар одағының барлық мүшелерін грантпен толық қамту ойымызда бар. Биыл біз әр тоқсан сайын 90 ақын-жазушыға грант тапсыратын боламыз. Бұл тізімді бізге Жазушылар одағының өзі ұсынып отырады, - деді Алматы қаласының әкімі.