Тоқаевтың Қырғызстанға сапары барысында бірқатар келісімге қол қойылады

26 Қараша 2019, 19:45
2864
Бөлісу:
Тоқаевтың Қырғызстанға сапары барысында бірқатар келісімге қол қойылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ертең Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға мемлекеттік сапармен барады. Ресми сапар барысында өзара тиімді уағдаластықтарға қол жеткізіледі деп күтілуде.

Осындай айтулы шараның қарсаңында бүгін Бішкек қаласында Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Қазақ-қырғыз зиялыларының IV форумы өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл іс-шараға Қазақстан делегациясын бастап келдім. Алдыңғы үш форумда екі елдің ортақ құндылықтары мен тарихы кеңінен дəріптелген болатын. Бүгінгі басқосуда да ұлттарымыздың мəдени-рухани мұраларына баса мəн берілді, - деп жазды Мәулен Әшімбаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, қазіргі кезеңде бауырлас елдердің зиялылары мен ғалымдарының арасындағы ынтымақтастықты дамыту аса қажет. Бұл екі елдің қарым-қатынастарын əрі қарай ілгерлетуге серпін берері сөзсіз. Сондықтан алдағы уақытта осындай байланысты одан əрі күшейтуге көңіл бөлген жөн.

Мəселен ғалымдар мен мамандарымыздың бірлескен зерттеулер жүргізуіне жағдай жасаудың, сол арқылы ғылыми əлеуетімізді арттырудың маңыздылығы зор. Ортақ тұлғалар туралы танымдық кітаптар шығарып, фильмдер түсіруге де басымдық берген орынды болар еді. Ғалымдарымыз бен оқытушыларымыз тұрақты түрде бір-біріміздің университеттерімізге келіп, дəріс оқыса, баспасөзде, ғылыми басылымдарда екі елдің авторлары өз мақалаларын жариялап отырса, зиялыларымыздың ұстанымын тереңірек түсінуге мүмкіндік аларымыз анық, - деп жазды Мәулен Әшімбаев.

Өзгелердің жаңалығы