Тоқаев: Орыстар – қазақ халқының бір бөлшегі

3 Маусым 2020, 10:35
3985
Бөлісу:
Тоқаев: Орыстар – қазақ халқының бір бөлшегі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Комсомольская правда" газетіне берген сұхбатында Қазақстанда 3,5 миллионнан астам орыс тұратынын, олардың жалпы халық санындағы үлесі 19%-ға жететінін айтты.

Біздің ойымызша, этносаралық келісім - ішкі саяси тұрақтылықтың маңызды факторы, онсыз елдің тұрақты дамуы мүмкін емес. Қазақстан Ресей сияқты көпұлтты мемлекет. Бұл үлкен стратегиялық плюс деп есептеймін, біз "әралуандықтағы бірлік" қағидатын негізге аламыз. Шын мәнінде, қазақстандықтар, олардың этникалық шығу тегіне қарамастан, өзін біртұтас халық, біртұтас ұлт деп санайды. Қазақстанда "ұлттық азшылық" ұғымы жоқ, - деді президент сұхбатында.
Сондай-ақ мемлекет басшысы Қазақстанда 3,5 миллионнан астам орыс тұратынын, олардың жалпы халық санындағы үлесі 19%-ға жететінін айтты.
Біздің елде тұратын орыстар біздің халқымыздың ажырамас бөлігі, олар барлық құқықтарды пайдаланады. Жақында шетелдік талдау материалдарының бірінде "Қазақстандағы орыс диаспорасы" деген тұжырымдаманы көрдім. Біздің идеологтарымыз бен талдаушыларымызға ешбір жағдайда да заттардың шынайы жағдайына түбегейлі қайшы келетін сөздерді қолданбау керектігін ескерттім. Орыстар – біздің халқымыздың бір бөлігі, олардың Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі зор және ұмытылмауға тиіс, -  деді президент.

Көптеген орыс азаматының есімі ел тарихында алтын әріптермен жазылғанын еске салған Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағындағы орысша атауларды өзгерту мәселесі туралы пікірін білдірді.

Жаппай қайта атау болмайды. Бірқатар елді мекен, көшелер өздерінің алғашқы атауларын қайта алып жатыр. Кеңес дәуірінің шынайылығын бейнелейтін және жергілікті тұрғындар арасында мүлдем танымал емес, мысалы, "Тепловозная" және "Приканальная" сынды атаулар, топонимдер өткенге кетеді. Әрбір қайта атау алдында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тарихи негізделеді, сауалнамалар мен жиналыстарда айтылған азаматтардың пікірлері ескеріледі. Билік орыс атауларын толығымен жою мақсатын алға қойған жоқ, - деген мемлекет басшысы қайта атау кезінде танымал орыс азаматтарының есімі де назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев журналистің славян халқын билік органдарына жұмысқа орналастыру кезінде туындайтын қиындықтар туралы сұрағына жауап берді.

Мемлекеттік қызметке түсуге ниет білдірушілерге қатысты кемсітушілік туралы пікірмен келісе алмаймын. Славян және басқа этностардың өкілдері бүгінде үкіметтік мекемелерде, Парламентте, мәслихаттарда (жергілікті өкілетті органдарда) жұмыс істейді. Орыстар шағын және орта бизнесті, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосуда. Конституция бойынша орыс тілі ресми түрде мемлекеттік органдарда қолданылады, - деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев  Қазақстанда Қырым немесе Донбасс сценарийінің қайталану мүмкіндігі туралы псевдоэксперттердің болжамдарының маңызды негізі жоқ екенін, олар Қазақстандағы жағдайды тұрақсыздандыруға және біздің мемлекеттер арасындағы тату көршілік, одақтастық қарым-қатынастарды бұзуға есептелгенін айтты.
Өзгелердің жаңалығы