Тоқаев опера әншісі Шахимардан Әбіловті мерейтойымен құттықтады

23 Сәуір 2020, 18:06
1291
Бөлісу:
Тоқаев опера әншісі Шахимардан Әбіловті мерейтойымен құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбіловтің 70 жасқа толған мерейтойына орай, құттықтау хатын жолдады.

Сіз әлемдік және отандық классиктердің шығармаларын өзіңізге тән шеберлікпен орындап, өнер жолындағы биік белестерді бағындырып, жұртшылықтың ыстық ықыласы мен шынайы құрметіне бөленіп келе жатқан шығармашылық иесісіз. Опера әншісі ретінде өзіңіздің дара дауысыңыз бен орындаушылық шеберлігіңіз арқылы ұлы Абайдың ән мұрасының терең иірімдерін өнерсүйер қауымға жеткіздіңіз. Ұлағатты ұстаз ретінде жастардың қабілет көзін ашып, биіктерге самғауына қосқан үлесіңіз де өз алдына бір төбе, – деп Мемлекет басшысы құттықтау хатында атап өтті.

Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ та бақытты ғұмыр, сондай-ақ, отбасына амандық пен игіліктер тілеп, алғысын жолдады.

Өзгелердің жаңалығы