ТМҰ жаңа геосаяси күшке айнала ма? – Сарапшы ұйымның болашағына баға берді

Зайнидин Курманов ұйым аясында енді тек мәдени емес, көлік дәліздері, қауіпсіздік және экономикалық интеграция мәселелері де талқыланып жатқанын айтты.

Бүгiн 2026, 18:02
АВТОР
 cabar.asia Бүгiн 2026, 18:02
Бүгiн 2026, 18:02
157
Фото: cabar.asia

Түркі мемлекеттері ұйымы соңғы жылдары жай ғана мәдени-гуманитарлық бірлестіктен аймақтық геосаяси ойыншыға айналып келеді. Мұндай пікірді BAQ.KZ тілшісіне тарих ғылымдарының докторы, профессор, саясаттанушы, қырғызстандық сарапшы Зайнидин Курманов айтты.

Оның айтуынша, ұйымның ықпалы әсіресе соңғы үш-төрт жылда айтарлықтай күшейген.

Соңғы бірнеше жылда Түркі мемлекеттері ұйымы қарапайым мәдени-тілдік бірлестіктен елеулі геосаяси ойыншыға айналды. Бұл бірнеше факторға байланысты. Біріншіден, пантүркизм идеологиясының күшеюі әсер етті. Екіншіден, экономика мен логистика мәселесі маңызды рөл атқарды. Қазіргі өзгерістер жағдайында ТМҰ Қытай, Еуропа және Таяу Шығыс арасындағы маңызды хабқа айналуға ұмтылып отыр, – деді ол.

Түркістандағы саммиттің символдық мәні

Түркістанда өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне тоқталған сарапшы бұл кездесудің тек саяси емес, өркениеттік мәні бар екенін айтты.

Түркістан – қазақтың ежелгі астанасы әрі түркі әлемінің рухани орталығы. Сондықтан бейресми саммиттің дәл осы жерде өтуі өте заңды. Бұл қатысушыларға ортақ түркілік бірегейлікті қайта сезінуге мүмкіндік береді. Мұнда саяси әрі идеологиялық негіз бар, – деді Курманов.

Оның сөзінше, мұндай бейресми форматтағы кездесулердің артықшылығы көп.

«Бейресми саммиттер бюрократиядан босатады»

Сарапшы қазіргі халықаралық тәжірибеде бейресми саммиттердің маңызы артып келе жатқанын айтты.

Ресми саммиттерде қатаң дипломатиялық хаттама, декларациялар, бюрократиялық рәсімдер көп болады. Ал бейресми кездесулерде мемлекет басшылары еркін форматта ең өткір мәселелерді талқылай алады. Мұнда дипломатиялық дәлдікке қатты байланып қалмайсың. Сондықтан мұндай формат өзара жақындасуға, компромисс табуға және көбірек мәселені талқылауға мүмкіндік береді, – деді профессор.

Курмановтың пікірінше, мұндай саммиттерде лидерлер арасындағы жеке байланыс ерекше рөл атқарады.

Бейресми кездесулерде мемлекет басшылары мен делегациялар дипломатиялық шектеулерсіз сөйлесе алады. Бұл көптеген мәселені тезірек шешуге көмектеседі, – деді ол.

ТМҰ енді экономика мен геосаясатқа бет бұрды

Саясаттанушы бүгінде ұйым аясында тек мәдени байланыстар ғана емес, экономикалық және геосаяси мәселелер де кеңінен талқыланып жатқанын айтты.

Оның сөзінше, негізгі бағыттардың қатарында:

  • көлік дәліздері;
  • логистика;
  • экономикалық интеграция;
  • геосаясат;
  • аймақтағы рөлді күшейту мәселелері бар.

Ұйым біртіндеп толыққанды халықаралық құрылымға айналуға ұмтылып келеді. Болашақта ШЫҰ немесе Еуразиялық одақ секілді ықпалды бірлестікке айналуы мүмкін, – деді сарапшы.

Әскери ынтымақтастық мәселесі де күн тәртібіне шығуы мүмкін

Курманов болашақта ұйым ішінде қауіпсіздік пен қорғаныс мәселелері де көтерілуі ықтимал екенін жоққа шығармады.

Алайда оның айтуынша, қазіргі таңда ұйым мүшелерінің бір бөлігі басқа әскери-саяси құрылымдарға мүше болғандықтан, бұл мәселе өте сақ қаралады.

Кей мемлекеттер ҰҚШҰ немесе ШЫҰ сияқты ұйымдарға мүше. Сондықтан ТМҰ аясында әскери құрамдас туралы мәселе әзірге өте сақ талқыланып отыр. Бірақ болашақта халықаралық қауіпсіздік жүйелері әлсіресе, мұндай сұрақтар да көтерілуі мүмкін, – деді ол.

«ТМҰ Орталық Азияны аймақ ретінде қалыптастырды»

Сарапшы ұйымның Орталық Азия үшін маңызы ерекше екенін атап өтті.

Оның пікірінше, тәуелсіздік алғаннан кейін Орталық Азияның жеке саяси әрі экономикалық аймақ ретінде қалыптасуына дәл осы ұйым ықпал еткен.

ТМҰ Орталық Азияның аймақ ретінде саяси және экономикалық тұрғыда қалыптасуына үлкен әсер етті. Қазір аймақтың өз мүддесі, өз көзқарасы бар. Ұйым мемлекеттердің бірігуіне және консолидациясына ықпал етті, – деді профессор.

Ол ұйымның географиясы кеңейіп келе жатқанын да атап өтті. Бүгінде ұйым құрамында тек Орталық Азия ғана емес, Оңтүстік Кавказ өкілдері де бар.

Курманов тіпті болашақта Арменияның да ұйымға бақылаушы ретінде қосылу ықтималдығын жоққа шығармады.

Егер аймақтағы жағдай тұрақты дамып, Қарабақтан кейінгі транзит сәтті өтсе, Арменияның да белгілі бір деңгейде жақындасуы мүмкін, – деді сарапшы.

«Ұйымның болашағы бар»

Сөз соңында Зайнидин Курманов Түркі мемлекеттері ұйымының әлеуеті жоғары екенін айтты.

Егер 1991 жылдан бері жүріп өткен жолға қарасақ, ұйымның жетістігі әсерлі. Қазір оның халықаралық беделі де жоғары. Ұйымның болашағы бар және ол толыққанды халықаралық бірлестікке айналуы әбден мүмкін, – деп түйіндеді ол.

Наверх