Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ министрлікке сілтеме жасап.
Іс-шара барысында қатысушылар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, Достастыққа қатысушы мемлекеттердің өзара іс-қимылының жай-күйі мен перспективаларын талқылады.
Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары бірқатар шешімдер мен саяси мәлімдемелер, оның ішінде Еуразиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ынтымақтастық және дене шынықтыру мен спорт саласындағы өзара іс-қимыл туралы мәлімдемелер қабылдады, - делінген хабарламада.
2010 жылғы 10 желтоқсандағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама және Достастық елдерінің қылмыстық-атқару қызметтері үшін кадрларды даярлау туралы келісім бекітілді.
Кездесу қорытындысы бойынша министрлер 8 қазанда Мәскеуде өтетін ТМД саммиті барысында мемлекет басшыларының қарауына ұсынылатын құжаттардың жобаларын келістірді.