Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында 2028 жыл Әлеуметтік даму және өмір сапасы жылы, ал 2029 жыл ТМД-ның көлік байланысы жылы болып жарияланды. Тиісті шешім Түрікменстанда өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында қабылданды.
Әлеуметтік даму және өмір сапасы жылын жариялау туралы бастаманы Қырғызстанның Еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру және көші-қон министрлігі көтерген. Ұсыныс ТМД-ға мүше мемлекеттердің еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі консультативтік кеңесінде қолдау тапқан. Бастаманың мақсаты – Достастық елдерінің халықты әлеуметтік қолдау, еңбек нарығындағы белсенді шараларды дамыту, азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыру бағытындағы ынтымақтастығын нығайту.
2028 жылы әлеуметтік-еңбек саласындағы заңнаманы жетілдіру, пилоттық жобаларды іске асыру және халықты әлеуметтік қолдаудың озық тәжірибелерін тарату жоспарланып отыр. Сондай-ақ құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және демографиялық саясат мәселелеріне арналған халықаралық форумдар мен пікірталас алаңдары ұйымдастырылады.
Ал 2029 жылды ТМД-ның көлік байланысы жылы деп жариялау туралы ұсынысты Түрікменстан енгізген.
ТМД Атқарушы комитетінің мәліметінше, көлік байланысын дамыту инфрақұрылымды жетілдіруді, көлік түрлерінің жұмысын үйлестіруді, саланы цифрландыруды және тасымал қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қамтиды. Бұл шаралар экономикалық интеграцияны тереңдетуге, сыртқы сауда байланыстарын нығайтуға және өңірдің тұрақты дамуына ықпал етуге тиіс.