Былтыр ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 5,2 трлн теңгеге жетті – министр

3 Маусым 2020, 11:38
1259
Бөлісу:
Былтыр ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 5,2 трлн теңгеге жетті – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен есеп беру кездесуінде ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты.

Тұтастай алғанда, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылы 0,9%-ға артып, 5,2 трлн теңгені құрады. Бұл ретте, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 4%-ға артса, өсімдік шаруашылығы бойынша, қолайсыз ауа райы жағдайларына байланысты, 1,7%-ға төмендеді. 2019 жылы салаға 501,6 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың деңгейінен 41%-ға жоғары (2018 жылы – 395,6 млрд теңге). 2019 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі бір жұмыскерге шаққанда 2,4 млн теңгені құрады, бұл өткен жылдың деңгейінен 14%-ға көп, - деді министр.

Сапархан Омаровтың айтуынша, 2019 жылы ауыспалы егісті сақтай отырып, рентабелділігі жоғары дақылдар алаңын ұлғайту мақсатында майлы және бұршақты дақылдар егісі көлемі артқан.

Мысалы, зығыр алаңы 18,2%-ға, соя алаңы 10,7%-ға, көкөніс-бақша дақылдары алаңы 4,7%-ға ұлғайтылды. Жүргізілген алаңдарды әртараптандыру нәтижесінде бидай алаңдары монодақыл ретінде 11,3 млн гектарға дейін қысқартылды. Ауыл шаруашылығы өнімінің түсімділігі мен сапалық көрсеткіштеріне әсер ететін негізгі факторлар - өнімділігі жоғары тұқымдарды пайдалана отырып, агротехнологияларды сақтау, минералды тыңайтқыштар енгізу, сондай-ақ, машина-трактор паркін жаңарту,- деді ол. 

Министрлік бұл бағытта бірізді жұмыс жасап келеді. Мысалы, 2019 жылы өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 9,5 млрд теңге бөлінген. Бұл егістіктердегі элиталық тұқымдар үлесін 5,9%-дан 6,5%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Өз кезегінде сапасы төмен тұқымдар үлесі 11,8%-дан 9,2%-ға дейін төмендеді.

Жыл қорытындысы бойынша шамамен 470 мың тонна минералды тыңайтқыш немесе ғылыми негізделген қажеттіліктің 18,8%-ы енгізілді. Алайда, бұл жеткіліксіз. Сондықтан, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы өндірушілерін тыңайтқышты ғылыми ұсынымдарға сай енгізуге ынталандыру үшін минералды тыңайтқыштарды субсидиялау сомасы 19 млрд. теңгеден 26 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы