Тілсіз жауды 5 минутта алдын алатын ақылды жүйе

21 Қыркүйек 2022, 15:39
1433
Бөлісу:
Тілсіз жауды 5 минутта алдын алатын ақылды жүйе
PHOTO
Фото: автордан

Бурабай ұлттық паркінде Smart Burabay жүйесінің жұмысы таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Smart Burabay –  орман жерлерді өрттен қорғайтын цифрлық мониторинг жүйесі. Бүгінгі таңда Ұлттық парк аумағында осындай 13 мұнара бар.

Ақылды жүйе 2020 жылдың 1 желтоқсанында іске қосылған.

Биыл орман инспекторларының жұмысы айтарлықтай көбейе түскен. Өйткені парк аумағында тұтанған өрт жиілеген. Smart Burabay технолгиясы аптап ыстық кезде инспекторлардың жұмысын жеңілдетіп, тілсіз жаудап қорғауға зор септігін тигізеді.

Тілсіз жауды 5 минутта алдын алатын ақылды жүйе

Жаңа технология туралы Бурабай ұлттық паркінің табиғатты қорғау жөніндегі эколог-инженері Маржан Абдрахманова сұрап білдік.

Оның айтуынша,  жыл басынан бері 18 өрт оқиғасы тіркелген.

Биыл тұтанған өрттердің аумағы 0,5 гектар. Ал былтыр паркте 38 өрт тіркеліп, оның көлемі 20,5 гектар жеткен еді. Біз бұл ақылды жүйені тілсіз жаудың шығу нүктелері мен себептерін тез арада анықтау үшін пайдаланып отырмыз. Өрт дерегі тіркелген жағдайда орман инспекторлары оқиға орнынан жедел жетеді, - деді Маржан Абдрахманова.

Тілсіз жауды 5 минутта алдын алатын ақылды жүйе

Парк аумағында қандай да өрт тұтанған жағдайда Smart жүйесінің операторлары мемлекетті инспекторларға телефон арқылы немесе рация арқылы жедел хабар беріп, тілсіз жауды ауыздықтайды.

Бұл ақылды жүйесі болмай тұрып, 130 мың гектарды алып отырған парктің арғы бетінен, ортасына дейін жету үшін кем дегенде 20-30 минут уақыт кететін. Ал қазір 15 минут ішінде жете аламыз. Ең соңғы рет тіркелген өртті  біз 5 минуттың ішінде тауып, алдын-алдық, - деді Бурабай ұлттық паркінің табиғатты қорғау жөніндегі эколог-инженері.

Сондай-ақ спикердің айтуынша, смарт жүйесі тек өрт шыққан жерді анықтап қана қоймай, орман қорғаушыларына  баратын бағытын да көрсетіп береді.

Бұл смартфонымыздағы карта сияқты. Тіпті қауіпті нүктеге қанша машина барғанын оның қай уақытта жеткенін көрсетеді.  Инспекторларға қай жаққа бару керек екенін және қанша шақырым қалғанын айтып отырады, - деді ол

Биік мұнараның басындағы камерамен орманның түкпір-түкпірі бақыланады. Объективтің «назарына» түтін немесе басқа да күдікті кадр ілінсе, цифрлы жүйе оны қызыл контурмен белгілеп, ұлттық парктің тәулік бойы жұмыс істейтін жедел басқару орталығына жібереді. Орталықтың кезекші диспетчерлері төтенше қызметке хабарлайды.

Өзгелердің жаңалығы