Тілдің тірегі – өзіміз

13 Қаңтар 2022, 15:57
891
Бөлісу:
Тілдің тірегі – өзіміз

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік тіл – сол тілде сөйлейтін халықтың өткені мен бүгінгісін таразылап, болашағын баянды ететін өте маңызды мәселе. 

Көкшетау қаласындағы тіл саясаты Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда.

Өткен жыл қорытындысы бойынша мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 82%-ды құрады. 2021-2022 оқу жылында Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығы» қазақ тілі курстарымен қамтылған қызметкерлердің саны – 965, оның 351-і қашықтықтан оқытылды. Ағылшын тілі курстарында оқитындар саны артты. Былтырғы оқу жылында 85 тыңдаушы ағылшын тілін меңгерді. Барлық өңірлерде қазақ тілін латын графикасына көшіруге қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әр сабақтың басында 15 минут көз жаттықтыру жұмыстары өткізіледі, – дейді Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Күнім Оразбаева.

Былтыр мемлекеттік органдардағы мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттардың үлесі 91,5%-ды құрады. Елімізде Ұлттық санақ өткізілуіне байланысты ономастика саласындағы жұмыстар әлеуметтік желілер, бұқаралық ақпарат құралдарды пайдалану арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ономастикалық жұмыстар Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің берген тапсырмасына сәйкес жүргізіледі.

Жалпы, Көкшетау қаласы бойынша 379 көше, оның ішінде облыс орталығында 299, Красный Яр селолық округінде 57 (13 көше Нұрлы көш), Станционный кентінде 9 көше, Қызыл жұлдыз ауылында 1 көше бар. 2019-2021 жылдар аралығында 19 көшеге атау берілді, – дейді Күнім Оразбаева.

Тұрғындардың тілдік мәдениетін арттыруға, ұлттық рухани жаңғыруды насихаттауға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады. 

Өткен жылы БАҚ беттерінде тіл саясатына қатысты 80 мақала жарық көрді.

Қаладағы көрнекі ақпараттың ҚР «Тіл туралы» заңы 21-бабының орындалуын зерттеу мақсатында Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен ағымдағы жылы 5 мониторинг тобы құрылды. Топтарға қазақ тілі мамандарынан құрылған 25 адам тартылды. Жыл басынан бастап, аталған топпен қаланың 710 нысаны зерделенді. Оның ішінде 110, яғни 22%, аталған заңның талаптары өрескел бұзылғаны анықталды. Қазіргі таңда кәсіпорын басшыларымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң бұзушылықтар заңға сәйкес түзетілді.

Бөлімнің еріктілерімен жыл басында «Сауатты жарнама» атты қалалық акция ұйымдастырылды. Акция барысында қаланың ірі сауда үйлерінің жалдаушыларымен кездесіп, тіл туралы заңнаманың талаптарын түсіндіріп, брошюралар мен тіл туралы заңның қолдану тәртібі көрсетілген ескерту парақтары таратылды.

Қала бойынша мемлекеттік тілді насихаттайтын 5 баннер орнатылды. Бөлімде орнатылған жедел желі телефонына жарнама агенттіктерінен жыл ішінде тіл заңнамасы бойынша 550-ден астам қоңырау шалынып, заңды кеңес берілді. Сонымен қатар, бөлімге қарасты «Тілдерді оқыту орталығы» ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында шағын және орта бизнес субьектілеріне мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге қызығушылықтарын арттыру мақсатында жеңіл және ауызекі сөйлеу тіліне үйрету үшін «Сөйле KZ» клубының жұмысын жандандырды. «Бурабай», «Рио», «Нұр», «Тұмар», «Жібек Жолы» кәсіпкерлеріне мемлекеттік тілдегі жарнама мәтіндерінің бірізді жазылуына бағытталған нұсқаулықтар мен тілдескіштер таратылды, – деп нақтылады бөлім жетекшісі.

Көкшетау қаласы бойынша тіл саясатын жүзеге асыруға арналған шаралар «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» және «Ақмола облысында идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасына» негізделетін болады.

Өзгелердің жаңалығы