Тіл ғалымдары қазіргі терминология мәселелерін талқылады

26 Қараша 2019, 17:23
4674
Бөлісу:
Тіл ғалымдары қазіргі терминология мәселелерін талқылады
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы "Қазіргі терминология: ұлттық немесе жаһандық" тақырыбында әдістемелік онлайн-семинар өтті.

Жиында қазақ терминологиясын ғылым тілі ретінде қалыптастыру, терминдерді жүйелеу және біріздендіру, бірнеше баламасы қатар қолданылып жүрген шеттілдік терминдерді игеру мәселесі сөз болды.

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің профессоры Б.Түсіпқалиев медицина саласы бойынша қазақ тіліндегі терминдердің сапасына қатысты баяндама жасады. Ол жоғары медициналық оқу орнындарының студенттеріне арналған мемлекеттік тілдегі оқу-әдістемелік құралдарға шолу жасай келіп, салалық терминдердің әркелкілігін атап өтті. 

Ғалым кейбір сөздіктердегі жекелеген терминдердің баламалары ұғымды дәл аша алмайтындығын айтып, медициналық терминдерді қайта қарайтын мезгіл жеткендігін баса айтып ойын қорытты. 

Сондай-ақ, ол медицинаның "Педиатрия", "Терапия", "Акушерлік пен гинекология" және басқа да салалары бойынша сала мамандары мен тіл мамандарының басын біріктіріп, сөздік жасайтын кез келгендігін тілгі тиек етті.

Сонымен қатар жазушы-аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты К.Әлпейісова "Телевизия – тіл дамыту құралдарының бірі" тақырыбында баяндама жасап, теледидардан берілетін көркемдік құны төмен, тілі сақау, тәрбиелік мәні жоқ ақпараттың орасан зор зияны барына тоқталды.

"Хабар жасаушылар көрермендердің білімді, көрген-түйгені көп бөлігінің деңгейіне бағдарланса, эфирден айтылар сөзде олқылықтар да аз болар еді", дей келіп,  теледидардан берілетін ақпараттарда сауатсыз сөйлеу, түрлі жиындардың тақырыбын, халықаралық ұйымдардың, қабылданған заңдардың атауын дұрыс айтпау сияқты жайлардың жиі кездесетінін сынға алды.

Ал ҚР президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы оқытушысы Болат Жексенғалиевтің "Қазақ фонетикасы терминологиясындағы игі дәстүр және халықаралық терминдерді қолдану мәселесі" тақырыбындағы баяндамасында қазіргі қазақ фонетикасындағы терминжасам мәселелеріне тоқталды. 

Ол күні бүгінге дейін халықаралық термин сөздердің айтылымы, жазылымына қатысты нақты ұстаным мен бағыт болмай келгендігін айта келіп, терминжасам процесінде төл сөздерге басымдық берілу керектігіне тоқталып, халықаралық сөздер төл термин тұрақтағанша қатар жүретінін ескертті.

Семинарда баяндамашылары нақты салалардағы жекелеген терминдердің әртүрлі баламада қолданылу фактілеріне тоқталып, авторлық қолданыстағы сөздер мен терминдерді ең дұрыс нұсқа деп есептеудің ұлттық терминологияны жетілдіруге тигізетін әсері мен салдары жайында пікір алмасты.

Өзгелердің жаңалығы