Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Үкіметтің жоспарына сәйкес, былтыр Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми орталығы құрылған болатын. Ол орталыққа міндеттелген жұмыстары жалпы осы тіл білімінің ғалымдарын үйлестіру болды. "Тіл-Қазына" орталығы ел алдында есеп беру жиынын өткізбек, деп хабарлады Елорда Инфо.
"Содан бері есеп беретін кез келіп, осы жылдың тамыз айында біз Тараз қаласында үлкен пилоттық кездесу өткізгенбіз. Ол жерге барлық облыстың өкілдері келді. Сол жерде халықтың алдында не жасап, не қойдық, қандай жетістіктерге қол жеткіздік, қандай кемшіліктеріміз бар, нені толықтыруымыз керек деп есеп беру жиыны туралы ақылдастық. Қазіргі жиналып отырғанымыз сол. Енді "Тіл-Қазына" орталығына жиналған ғалымдардың арасында фонетиктер, орфографтар, фонологтар, грамматологтар, жазу теориясымен және оның тарихымен айналысатын мамандардың бірі штатта болса, енді бірі штаттан тыс жұмыс істейді. Сөйтіп қыруар жұмыс істеліп жатыр", - дейді Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы" АҚ бас директоры Асқар Әлібек.
Ол латын әліпбиінің дүниежүзі бойынша маңызын айтып өтті.
"Қазір дүниежүзінде латын әліпбиін 70 мемлекет пайдаланады. Соған байланысты біз жиындарды көп өткіземіз. Содан келіп ұққанымыз жер-жерде жұрт латын әліпбиін жақсы қабылдап жатыр. Кейбірі оны бодандық санадан құтылудың бір жолы көреді. Қазір көшелерде атаулар латын қаріптерімен жазылып жатыр. Олар оны өз еркімен жасауда. Бұл жиынға тіл мамандарын, ғалымдарды, жалпылай алғанда зиялы қауым өкілдерін шақырып отырмыз. Бүрсігүні болатын үлкен көрмеде әр облыс есеп береді. Түске дейін пленарлық отырыс болса, түстен кейін 6 секцияда семинарлар өтеді", - деп сөзін аяқтады ол.