Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тікұшақ апатынан мерт болған сарбаздардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров осылай деді.
«Қазіргі кезде тергеу органдары геномдық сараптамаларды жүргізді. Сарбаздардың мәйіттері туыстарына берілді, апаттан мерт болған әскери қызметшілер жерлеу рәсімі өткізілді. Тергеу амалдарына тоқталсақ, тиісті комиссия жұмыс істеп жатыр. Қазіргі кезде «қара жәшіктегі» мәліметтерді ашу шаралары жүріп жатыр», - деді Талғат Мұхтаров Мәжіліс кулуарында берген сұхбатында.Талғат Мұхтаров бұл жұмыстар оңай емес екенін, олар уақытты талап ететінін айтты.
«Мәліметтер алынғаннан кейін, сіздерге бірден хабарлаймыз, яғни тергеу амалдарын жүргізіп жатқан тиісті органдар жариялайды. Апатқа ұшыраған сарбаздардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Біз олардың отбасыларын назардан қалдырмаймыз», - деді Қорғаныс министрінің орынбасары.
2019 жылдың 27 наурызында Қазақстан ҚК ӘҚК Әскери әуе күштерінің тікұшағы Қызылорда облысында апатқа ұшырап, 13 адам қайтыс болды. Бұған дейін Қорғаныс министрлігі көз жұмған әскери қызметшілердің есімдері мен фотосуреттерін жариялаған болатын. Депутаттар қаза тапқандардың отбасына көмектесуді сұрады. Маңғыстау облысы әрбір әскеридің отбасына 1 млн теңгеден беретіндіктерін жеткізді. Сонымен қатар, экипаж мүшелерінің құрамы және олардың соңғы сәтке дейін ажалмен арпалысқаны жайлы жазған болатынбыз. Сондай-ақ, қаза болған әскерилердің мүрдесін бүгін Қызылордадан өз туған топырақтарына шығарып салған болатын. Бұдан бөлек, қаза тапқандардың отбасына қандай көмек берілетіні және төрт әскеридің мәйіті туған жеріне жеткізілетіні айтылды.