Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 15 сәуір - Халықаралық мәдениет күні. Пандемия басталғалы көптеген мәдени ошақ карантинге жабылып, көрермен алдында өнер көрсетулерін тоқтатты.
Алматыдағы Республика сарайында эстрада әншілерінің жеке концерттері өтіп тұратын, қазір ол да тоқтаған. Осы атаулы күнге орай Алматы қаласы Мәдениет басқармасының «Алматы әуендері» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Бағдат Тілегеновпен сұхбаттасып, шығармашылық ұжымның қазіргі жұмысы жайлы сұрап, білген едік.
- Бағдат Бесбайұлы, қазір әлем бойынша пандемия жүріп жатқаны белгілі. Бұл шығармашылық адамдарына қалай әсер етіп жатыр?
- Қазіргі пандемия әлем елдерінің бәріне қиындық тудыруда. Оның кесірі еліміздегі барлық салаға тиіп отыр. Әсіресе, өнер саласына қиын болып отыр. Қаламыздағы опера театры, драма театр, хор, жеке орындаушылар бар, халық аспаптар оркестрі мен ансамбльдері, айтыскерлер, дәстүрлі әншілеріміз бар - барлығына пандемия қиындық туғызып отыр. Өйткені артістерге тірі көрермен керек, адамдармен тікелей байланыс керек. Өнер адамдары сахнада тұрып халықтың жанарын көрмесе, олардың энергетикасын сезбесе, дұрыс ашыла алмайды. Қазір онлайн концерттер беріп, телеарналармен түрлі бағдарлама түсіруге мәжбүр болып отырмыз. Көпшілік алдында өнер көрсеткенге не жетсін. Бос залда ойнаған музыканттарға да оңай емес. Алдыңда он адам отырса да оның әсері басқаша болады. Көрермен қолпаштаған сайын өнерпаздар қанаттанып, шабыттана түседі. Оның үстіне бұрын шетелге гастролге шығып тұратынбыз, тәжірибе алмасатынбыз, пандемия басталғалы шықпайтын болдық. Бұл пандемия көптеген жоспарымызды бұзды.
Жалпы пандемия басталғалы біздің ұжымның жұмысы тоқтаған жоқ. Қазір Алматы «қызыл» аймаққа енгелі карантиндеміз. Алдағы уақытта жағдай түзелісімен күнделікті дайындығымызға кірісеміз.
- «Алматы әуендері» мекемесінде «Сазген сазы» ансамблінен өзге қандай шығармашылық ұйымдар бар?
- Біздің мекемеде бірнеше шығармашылық ұжым бар. Атап өтсем, ол Эстрадалық-симфониялық оркестрі, оның құрамында 75 адам бар. Оның көркемдік жетекшісі әрі дирижері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Александр Беляков. Одан кейін Камералық классикалық оркестр бар, оның бас дирижері, көркемдік жетекшісі - Қазақстанның халық артісі Мұрат Серкебаев. Сондай-ақ «Самұрық» заманауи би театры бар, оны Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер Гүлнар Адамова басқарып отыр. Сосын жастарға арналған «Жаңа ғасыр» деген театрымыз бар. Оның көркемдік жетекшісі - Қазақстанның халық артісі Асанәлі Әшімов. Оған қоса біздің «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі бар, мен соның көркемдік жетекшісімін.
- Өзіңіз жетекшілік ететін «Сазген сазы» ансамблінің құрылу тарихына тоқталып өтсеңіз...
- Мен бұл ансамблде 1991 жылдан бері қызмет етіп келемін. Өзім 12 жыл қобызда ойнадым, кейін ансамблді басқардым. «Сазген сазы» Қазақстандағы алғашқы фольклорлық-этнографиялық ансамблдердің бірі. Мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі этнограф Өзбекәлі Жәнібеков еліміздің өнер саласында көп еңбек етті. Театр, музей саласында көп тер төкті және мына этнографиялық ансамбль сол кісінің бастамасымен ашылды. Ол кісі 1974 жылы Торғай қаласында партия хатшысы болып тұрғанда сол жерде драма театр, филормония ашқызды, сол филормонияның ішінде «Шертер» атты фольклорлық-этнографиялық ансамблдің негізі қаланды. Кейін ол кісі министрдің орынбасары болып тұрғанда Алматыда «Ықылас» атындағы республикалық халық аспаптары мұражайын ашты, міне, соның ішінде «Сазген сазы» ансамблі бірге құрылды.
Ансамблдің құрамында қазір 20 адам бар. Қолданыста қазақтың жиырмаға жуық халық аспабы бар, негізі тарихта 30-дан астам халық аспабы болған. Соның оншақтысы қазір өз өзектілігін жоғалтып алды. Оның ішінде уілдек, дауылпаз, керней сияқты аспаптардың бірнеше түрі болған. Олар әсіресе жаугершілік заманда сарбаздардың рухын көтеру мақсатында пайдаланылған. Бұл аспатардың барлығы «Ықылас» атындағы музейде бар. Ал қазір қолданыста жиырмаға жуық аспап жүр. Ол адырна, нарқобыз, қылқобыз, жетіген, сазсырнай, сыбызғы, үскірік, домбыра, домбыраның шіңікілдек деген екінші түрі бар. Ол кәдімгі домбырадан екі жарым есе кіші және жақсы дыбыс беретін аспаптардың санатында. Сондай-ақ ұрмалы аспаптардың 7-8 түрі бар.
Ұжымның қазіргі шығармашылық ізденіс жұмысы жайлы не айтар едіңіз?
- Біз шығармашылық жұмысты ешқашан тоқтатқан емеспіз. Танымал дәстүрлі әншілермен, операдағы майталман әншілердің барлығымен тығыз байланыстамыз. Кезінде Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев, Бибігүл Төлегенова, Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұхамедқызы, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Бағдат Самединова, Роза Рымбаева сынды әншілеріміздің орындауындағы әндерді сүйемелдедік. Оның үстіне біз еліміздегі батыс музыкасы, оңтүстіктің, Сүгірдің, Қазанғаптың, Жетісу, Алтай-Тарбағатай, Арқаның, жалпы барлығының әншілік, күйшілік мектебін қамтуға тырысамыз. Пандемияның алдында шетелге көп шығып жүрдік. Әсіресе, Қытай Халық Республикасы, Моңғолиядағы қазақтар тұратын жерге барған кезде бұрын естімеген күйлерді, әндерді естіп қалып жатамыз. Соны дыбыстық құралдарға жазып алып, елге келген соң өңдеп, өз репертуарымызға кіргізген кездер болды. Сондай-ақ Өзбекстан және Ресейдің қазақтар тұратын Омбы, Астрахан, Томск жақтарынан да бұрын естімеген ән-күйлерді кездестіруге болады. Сондықтан шығармашылық ізденіс жұмыстары тоқтаған емес.
Жалпы домбыраға күй көп, он мыңдай күй, жиырма мыңнан аса ән бар деп айтамыз. Олардың барлығы оркестрге, ансамблге келе бермейді. Оның ішінде келетін әндер мен күйлерді таңдап, музыканттармен ақылдаса отырып өңдеп концерттік бағдарламаға шығарамыз.
- Жақында «Наурыз-2021» сыйлығын иеленіпсіздер, сол жайында айтып берсеңіз...
- Биыл Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйғарымымен алғаш рет «Наурыз» ұлттық сыйлығы тағайындалды. Ол қазақтың өнері бойынша бірнеше аталымға бөлінді. Атап айтсам, айтыскерлері бар, қолөнер шеберлері, музыкалық аспап жасайтын шеберлер, құсбегілік, қазақ күресі, халық биі, фольклорлық ансамбль аталымы болды. Қазір елімізде жетпіске жуық фольклорлық ансамблі бар, бәрі кәсіби мықты. Алматының өзінде 7-8 ансамбль бар, өңірлерде де, тіптен аудандарда да «Сазген сазы» сияқты ансамблдер құрылған. Міне, ұйымдастырушылар осылардың ішінде біздің ансамблді осы сыйлыққа лайықты деп шешіпті. Бұл сыйлықты Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаева өзі табыстады.
«Сазген сазы» бір күнде мұндай дәрежеге жеткен жоқ. Біздің мықты ұстаздарымыз болды. Атап айтсақ, этнограф, профессор, ғалым Болат Сарыбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Нұрғиса Тілендиев және тағы басқалары. Міне, біз осындай кісілерден тәлім-тәрбие алып, ансамблді биікке көтерсек деп 15 жылдай еңбектендік. Содан кейін ғана біздің беделіміз өсіп, бүкіл телетүсірілімдерге, концерттерге бәріне шақырту алдық.
- Елімізде 70-ке жуық фальклорлық ансамбль бар деп отырсыз, сіздер олардан немен ерекшеленесіздер?
- Бір ерекшелігіміз костюмдеріміздің өзгешелігі. Өйткені бізде Сақ, Ғұн дәуірі, орта ғасыр және қазіргі заманға сай түрлі костюмдер бар. Оның үстіне бір бағытпен ғана шектелмейміз, классикалық музыканы да ойнаймыз. Өйткені өнерпаздардың барлығы консерваторияның алдында орта білімді музыкалық училищені бітірген. Яғни, кәсіби, жоғары деңгейдегі музыканттар. Моцарт, Вивальди, Бахтың музыкаларын ойнай береміз. Тіптен кейінгі кезде Джаз жанрын да ойнап жүрген жайымыз бар. Одан да жетістіктеріміз бар, шетелдік байқауларға қатысып үлгердік.
Костюмдерімізге бәрінің қызығатын себебі – киімнің жағалары, бас киімдер бағалы құндыз терісінен жасалған. Жігіттердің аяғында былғары саптама етік. Өзбекәлі Жәнібековтың «Қазақтың киімі» деген кітабы бар. Киім тігетіндер сондағы эскиздерге қарап отырып тігеді. Сондай-ақ бұрынғы тарихтағы киімдердің үлгісін ұстанып отырып жасайды. Мәселен, аспапты отырып ойнайтындарға басқаша, тұрып тұратындарға басқаша үлгіде пішеді. Оның үстіне көз тартатын қымбат матадан тіктіреміз.
- Шетелге гастрольге көп шығып тұрамыз дедіңіз. Жалпы шетелдіктер біздің ұлттық аспапты ансамблді қалай қабылдайды?
- Олардың қызғушылығы жоғары. Біріншіден, көзге түсетін ол ұлттық нақыштағы костюмдеріміз. Сахнаға шығып келе жатқанымызда қазақтың ою-өрнегімен көмкерілген киімдеріміз көрерменнің көңілін бірден баурап алады. Ал қобыздың үні, домбыраның, жетігеннің сиқырлы үнін естігенде тіптен тамсанады.
Алғаш рет 1998 жылы Италияның Вико-Экуенсе қаласында халықаралық фольклорлық ансамблдер арасында өткен байқауға қатыстық. Оған әлемнің әр түкпірінен жиырмаға жуық ансамбль қатысты. Олар Оңтүстік Америка, Солтүстік Америка, Азиядан Филиппин, Индонезия, Қытай, Жапония елдері, Еуропадан Испания, Шотландия, Германия, ал Қазақстаннан біз бардық. Ол Неаполь мен Сорентаның ортасындағы шағын қала екен. Ол кезде әлемде Қазақстанды көбі біле бермейтін.
Фестивальдің бірінші күні ереже бойынша әр мемлекет өзінің ұлттық киімі мен аспаптарын ойнап, көшеде керуендетіп өту керек болды. Біздің алдымызда волынка деген аспабын ұстап шотландықтар жүрді, олардың аспабының дыбысы сондай қатты шығады екен, тура жерді жарады. Артымызда испандықтар, осы екі елдің ортасында біздің аспаптардың дыбысы жөнді шықпай қалды, оның үстіне аз адам барғанбыз. Дегенмен намысқа тырысып, Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін орындап өттік. Біздің ойнағанымыз дұрыс естілмегендіктен бір жеңіліп қалғандай күйде болдық.
Ертеңінде байқау барысы концерт залында өтті. Ол жерде қазылар отырды, артында көрермен. Өнер көрсетуге 15 минут уақыт береді. Ол кезде бізбен бірге әнші Бағдат Сәмединова барған, ол кісімен 4-5 әнді дайындадық. Одан кейін опера әншісі Қайыржан Жолдыбаев болды. Ол Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы», сосын Италияның бір-екі әнін қосымша дайындап барған. Біз он минуттай өз концертімізді бердік, көрермен қол шапалақтап, біздің әндерді түсінбегендіктен қатты қолдау көрсетпеді. Кейін Қайыржан италияндық композитор Ди Капуаның әндерін орындағанда, қазыдан бастап көрермендер естерінен таңғандай болды. Бәрі қол шапалақтап, орындарынан тұрып кетті. Ондай қолдауды көргенде біз де қанаттанып, кеудемізді мақтаныш кернеді. Кейін тағы екі италиянша әнді орындап, соңын «Менің Қазақстаным» әнімен аяқтадық. Көрерменнің бізге көрсеткен үлкен қолпаштауынан соң бізден кейін шыққалы тұрған ансамбль жүрексініп қалғандай болды. Басында барлығымызды қарапайым қонақүйге жатқызған. Өнер көрсеткен соң тек бізді бес жұлдызды қонақүйге ауыстырды.
Содан ұйымдастырушылар дін адамдары сіздерді жексенбі күні шіркеуде өтетін рәсімге қатысып, бір нөмер орындап берсеңіздер деп сұрап жатыр деді. Біз аң-таңбыз. Содан шақырған соң ұлттық киімімізбен бардық. Ол шіркеудің архитектурасы, ішінің акустикасы деген енді керемет. Өздерінің хоры бар екен, жас балалар ән айтқанда керемет әсер алдық. Іші адамға лық толы, рәсімдері аяқталған соң шіркеудің басшысы шығып, қалада фестиваль өтіп жатқанын айтып, Қазақстаннан келген бұл ансамбль өте жақсы өнер көрсетті деп бізді таныстырды. Біз ол жерде рух көтеретін Сарыарқа, Адай сияқты күйді ойнаймызба деп барғанбыз. Бірақ ол жерде байсалды әндер орындалғандықтан Құрманғазының Алатау күйін орындауды жөн санадық. Қобыз, домбыраның үні шіркеудің ішінде жаңғырып, ерекше шықты. Бүкіл жиналған халық тамсанып, біздің аспаптардың үніне таңғалды. Шіркеудің ішінде қол шапалақтауға болмайды екен. Сыртқа шыққан соң ғана қол соғып, алғыстарын жаудыртты. Бұл да өнердің құдіреті. Біздің ұлттық аспаптар классикалық аспаптардан еш кем емес. Классикалық музыканың көп болса 400 жылдық тарихы бар шығар. Ал біздің музыканың тарихы мың жылдықта, тіптен оданда да терең жатыр.
- Әңгімеңізге рахмет!