Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің бір топ депутаты Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға жайылым жерлерге қатысты азаматтардың шағымын айтып, депутаттық сауал жолдады.
2017 жылы жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі проблемасын шешу үшін «Жайылымдар туралы» заң қабылданған. Заңның 13-15-баптарына және Жер кодексінің 84-бабына сәйкес қабылданған нормаларда жайылым жерлердің тиімді қолданылуы жөнінде көрсетілген және мал өсірумен айналысатын үй шаруашылықтарының қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған. Алайда жергілікті атқарушы органдар ол заңға жеткілікті түрде мән бермей келеді, - дейді депутат Фахриддин Қаратаев.
Оның айтуынша, жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарлар өңірлерде практикада түрінде орындалмайды.
Соның салдарынан ауыл тұрғындары арасында әлі күнге дейін түсініспеушілік пен наразылықтар туындап, жер мәселесі бойынша даулар көбеюде. Бұл мәселені тездетіп дер кезінде қолға аламасақ, жер дауының мәселесі халық арасында бұдан әрі өрши беретіні анық,- деді депутат.
Оның айтуынша, елді мекендер үшін жайылымдық жерлердің тапшылығы барлық облыс бойынша байқалады.
Мысалы, басқа облыстарға қарағанда ең жоғарғы көрсеткіш Түркістан облысында, яғни 8 476,9 мың гектар жетіспейді. Одан кейінгі көш бастап тұрған Алматы облысы - 4576,9 мың гектар, Қызылорда облысы 3 697,8 мың гектар және Жамбыл облысында 3329,7 мың гектарды құрап отыр. Тағы басқа облыстарда да осындай жағдай, - дейді Қаратаев.
Осы ретте Мәжілістегі Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Ф.Қаратаев, Д.Назарбаева, Қ.Ержан, А.Үйсімбаев, К.Абасов, М.Төлепберген, Е.Тайжанов, А.Бердалин Үкіметке мынандай ұсыныс жасады:
1. Облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық округтер, кенттер, ауылдық әкімдіктеріне биылғы жылдың аяғына дейінгі мерзімде «Жайылымдар туралы» заңның талаптарын бекітуді және практикалық қолдану бөлігінде орындау шараларын қабылдауды;
2. Мемлекет басшысы Тоқаевтың биылғы кеңейтілген Үкімет отырысында берген тапсырмасына сәйкес жергілікті атқарушы органдар елді мекендерге қолданылмай жатқан жайылым жер учаскелерін мемлекеттік меншікке қайтару жөнінде қатаң шаралар қабылдауды. Сондай-ақ әрбір елді мекен бойынша жайылымдарды басқару жөнінде нақты жоспарлар құруды және осы жайында халықты ашық түрде хабардар етуді;
3. Заң сәйкестігіне орай орталық және жергілікті атқарушы органдармен қабылданған барлық заңдық актілерге сараптама жүргізуді;
4. «Жайылымдар туралы» заңның 13, 15 - баптарын және Жер кодексінің 84-бабы 2-тармағының 4-1) тармақшасының орындалуын ерекше бақылауға алып, Ауыл шаруашылығы министрлігі, өңірлердегі жергілікті атқарушы органдар және жер инспекциясымен бірлесіп, заңдағы бекітілген міндеттерді дер кезінде орындау, ауыл халқы алдындағы жауапкершілігін күшейту жөнінде және түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынамыз.