Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Tesla есіктеріндегі ақау кемінде 15 адамның өліміне себеп болды

Бүгiн, 01:29
169
Бөлісу:
 freepik
Фото: freepik

Tesla электромобильдеріндегі есіктерді ашу тетіктерінің істен шығуы кем дегенде 15 адамның қаза табуына әкелуі мүмкін. Бұл туралы Bloomberg агенттігі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Агенттік жүргізген зерттеу барысында соңғы он жыл ішінде АҚШ-та болған жол-көлік оқиғаларында жолаушылар мен құтқарушылар Tesla көліктерінің есіктерін аша алмаған ондаған жағдай тіркелгені анықталған. Соның салдарынан кемінде 15 адам көз жұмған.

Журналистердің мәліметінше, бұл көрсеткіш Tesla қатысқан өлім-жітім оқиғаларының аз ғана бөлігі болғанымен, алаңдатарлық үрдіс байқалады: тіркелген өлімдердің жартысынан көбі 2024 жылдың қараша айынан кейін болған.

Bloomberg атап өткендей, АҚШ-та штаттар немесе федералды деңгейде есіктердің істен шығуына байланысты адам өлімі жөнінде бірыңғай әрі ашық статистика жоқ. Осы себепті нақты деректерді жинау қиынға соғады. Апат пен өрт арасындағы шешуші сәттерде көлік есігінің ашылған-ашылмағанын дәл анықтау әрдайым мүмкін емес.

Бұған дейін Reuters агенттігі АҚШ-та Бауэр отбасынан шыққан төрт баланың ата-аналарының қаза болуына байланысты Tesla компаниясын сотқа бергенін хабарлаған. Олардың айтуынша, апат кезінде көліктің есіктері кептеліп, ішінен шыға алмаған.

Сондай-ақ 8 қыркүйекте Германияның батысында Tesla көлігінің өртенуі салдарынан бір ересек адам мен екі бала қаза тапқан. Алдын ала мәлімет бойынша, электромобиль басқа көлікті басып озу кезінде жолдан шығып, ағашқа соғылғаннан кейін отқа оранған.

Өзгелердің жаңалығы