Терроризмді қаржыландыратындардың жағдайы қиындай түседі

9 Сәуір 2020, 11:20
2628
Бөлісу:
Терроризмді қаржыландыратындардың жағдайы қиындай түседі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында ҚР қаржы министрі Әлихан Смайылов қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға байланысты заң жобасын таныстырды. 

"ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы Сенаттың жалпы отырысында қолдау тапты.

Заң жобасын әзірлеу қажеттігі 2021-2022 жылдары қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың біздің елді бағалауының екінші раундына дайындалуға байланысты туындап отыр. Қазіргі кезде ұлттық заңнамаға енгізілмеген бірқатар жаңа стандарттарды заңды түрде бекіту, сондай-ақ өткен бағалаудың нәтижесінде алған Еуразиялық топ ескертулерін заңнамалық деңгейде жою алдағы бағалаудан ойдағыдай өтудің кепілі болып саналады, - деді Әлихан Смайылов. 

Бұл заң жобасы бірнеше мақсатты көздейді. Біріншіден, қаржы мониторингі рәсімдеріне клиентті тиісінше тексеру, ішкі бақылау жүргізу және күдікті операциялар туралы хабарлама жіберу сияқты өзгерістер ұсынылады. 

Екіншіден, қаржы мониторингі саласындағы уәкілетті органға реттеуші мемлекеттік органы жоқ қаржы мониторингі субъектілеріне қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамаларды толтыруға құзырет беріледі. Үшіншіден, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы уәкілетті органдар үшін халықаралық өзара іс-қимыл рәсімдері, оның ішінде қылмыстық активтерді іздестіру және қайтару бойынша рәсімдер регламенттеледі, - дейді министр.

Сонымен қатар, халықаралық стандарттарды іске асыру мақсатында заң жобасына коммерциялық емес секторды терроризмді қаржыландыру мақсатында пайдаланудан қорғауға байланысты новеллалар енгізілген.

Талаптар ерікті қаржылық және басқа да қайырмалдықтар үшін жүгінетін қайырымдылық ұйымдары мен діни бірлестіктерге қолданылатын болады. Бесіншіден, Біріккен Ұлттар Ұйымының қауіпсіздік кеңесі қарарларына сәйкес ұлттық заңнамаға терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға жататын нысаналы қаржы санкцияларының механизмдері енгізіледі. Алтыншыдан, заң жобасы аясында Ұлттық қауіпсіздік комитеті салалық тәсіл арқылы террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғауының тиімділігін арттыруға бағытталған түзетулер блогы әзірленді, - деді Әлихан Смайылов.
Өзгелердің жаңалығы