Теріскейде қазақтың бос жатқан жері жетерлік – қоғам белсендісі

21 Шілде 2022, 15:18
1268
Бөлісу:
Теріскейде қазақтың бос жатқан жері жетерлік – қоғам белсендісі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Тәуекел» қоғамдық ұйымының жетекшісі, көпшілікті теріскейге көшуге шақырып жүрген қоғам белсендісі Бурахан Дақанов «Желмая» жобасында берген сұхбатында мәлімдеді.

Айтуынша, ел арасында солтүстік өңір аязы қытымыр, орыстанып кеткен  деген стереотип қалыптасқан. 

Негізінде олай деп айтуға келмейді. Мен тұратын Шал ақын ауданы – Керей мен Арғынның жері, Петропавл қаласынан 168 шақырым жерде орналасқан. Дегенмен, көзге қарағанда орыс халқы көп болғанымен, қазақ ауылдары да бар. Бәрі орысша сөйлейді дегеннің өзі өтірік әңгіме. Кәдімгідей салт-дәстүр сақталған, соғымдарын сояды, тұсаукесер той жасайды. Тек қана қазақтың саны салыстырмалы түрде аз, - деп ағынан жарылды қоғам белсендісі.

Сонымен қатар ол теріскей мен оңтүстік өңірдің халық санындағы айырмашылықты айтты. 

Биыл мысалы, елде 3 млн 200 мың оқушы бар деген дерек тарады. Соның 504 мыңнан астамы – Түркістан облысында, ал 75 мыңы – біздің Солтүстік Қазақстанда екен. Оның нақты қанша пайызы өзге ұлт, қанша пайызы мемлекет құрастырушы ұлт екендігі туралы нақты хабарым жоқ. Бірақ 75 мың оқушы дегеннің өзі (солтүстік өңір үшін – ред.) аз. Мәселен, Мақтарал ауданының халық саны біздің 8 сегіз ауданның халық санын қосқанмен бірдей. Өте тығыз орналасқан аймақ, қаншама жерде қуаңшылық орын алуда. Солтүстікте бос жер табу мүмкіндігі жоғары, - деді Бурахан Дақанов.  

Өзгелердің жаңалығы