Діни теріс ағым мәселесімен қоғам болып күресуіміз керек – Руслан Қайыргелді

4 Сәуір 2019, 15:02
4646
Бөлісу:
Діни теріс ағым мәселесімен қоғам болып күресуіміз керек – Руслан Қайыргелді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі таңда теріс діни ағым немесе діни экстремизм мәселесі әлемде және елімізде өте өзекті болып отыр. Үлкен проблемаға айналып келеді десек те болады, оны қазірден бастап емдемесе болмайды. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының Кеңес беру және оңалту орталығының басшысы Руслан Қайыргелді брифинг кезінде айтты.

Жиын барасында 1 сәуірден бастап Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының Кеңес беру және оңалту орталығы жаңа кеңседе әрі жаңа әдістеме бойынша жұмыс істей бастағандығы айтылды.

«Кез келген адамды өз райынан қайтару оңай шаруа емес. Оның үстіне, ол 10-15 жыл сол діни бағытта жүріп, толық адасып, ешкімді қабылдамайтын дәрежеге жеткеннен кейін оны бір күнде, бір кездсеуден райынан қайтару мүмкін емес. Оларды да айыптауға болмайды. Біздің жалпы міндетіміз сол жат ағымның жетегінде жүрген адамдарға көмек беру. Олар адасқан деп, қолымызды бір сілтеп, қоя салуға болмайды. Әрқайсысы еліміздің азаматы, қаракөз қандастарымыз», - дейді орталықтың басшысы.

Діни теріс ағым мәселесімен қоғам болып күресуіміз керек – Руслан Қайыргелді

Сөз арасында ол, қазіргі уақытта жат ағымдарға шара қолданып, тиым сала салуға мемлекеттің шамасы жететіндігін, дегенмен біз зайырлы мемлекет болғандықтан оларды райынан қайтару үшін заңды түрде жұмыс істеуіміз керектігін жеткізді. 

«Қазір ақпараттандыру, насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, ақиқат нәрселерді оларға дәлелді түрде жеткізу үшін осы орталық жұмыс істеп жатыр. Біз оларға ұрсып тастау немесе дәрежесін төмендету бағытында жұмыс істемейміз. Жылы шырай танытып, олардың шерін тарқатып, не нәрсеге мұқтаж екенін, оның бұл ағымға кетуіне не себеп болғанына тоқталамыз. Содан кейін барып қана дұрыс диагноз қою мәселесіне тоқтаймыз. Мәселен асқазаны ауыратын адамға бас ауруы дәрісін қанша берсеңде еш пайдасы жоқ қой. Сол сияқты оның қандай ағымда, қандай ғалымсымақтарды тыңдайтынын, кім әсер етті деген мәселелерін анықтап аламыз», - дейді Руслан Қайыргелді. 

Өткен жылы орталықтың жұмысы аясында деструктивті идеологияның ықпалына ұшыраған 1400 адаммен жекелей-түсіндіру сипатындағы әңгімелесу жүргізілген. Соның 305-і теріс діни көзқарасынан қайтып, Қазақстан құндылықтарын мойындаған.

«Былтыр біздің орталыққа балаларын ертіп әкелген ата-аналар да болды. Жасөспірім өз бөлмесінен шықпай, таңнан кешке дейін интернетте отырып ғалымсымақ шейхтардың арбауына түскен. Олар «егер соғыс алаңына келе аламасаңдар, жүрген жерлеріңде қолдарыңнан келетін әрекет жасаңдар» деген сыңайда кеңес беріп отырған. Ата-анасы оны дер кезінде байқап, бізге әкелді. Жас жігіт теріс пиғылдылардың жетегінде түбегейлі кетпегендіктен оны райынан қайтару оңайырақ болды. Сондықтан ата-аналар әрдайым баласының жүріс-тұрысын, кімдермен дос болып жүргенін, қандай сайттарға кіріп жүргенін бақылап отырса деген өтінішім бар. Мәселен, осыдан 10 жыл бұрын жат ағымдар үлкен проблема әкеледі деп ешкім ойламады», - дейді орталық басшысы. 

Сонымен қатар ол, 10-15 жыл жат ағымда жүрген адамдар өздерінен басқасының барлығы «адасқандар» деген ойдың жетегінде жүретінін және ондай адамды райынан қайтару қажырлы еңбекті талап ететінін айтып өтті. 

«Олардың көбісі дәлел сұрайды, үлкен ғұламалардың кітабында былай айтылған, сендегі кітапта мына жерін кесіп алып тастаған, сондықтан сен осы уақытқа дейін адасып жүрдің деп дәлел келтірген кезде ғана олар таңғалады. Адам болған соң қателесу болады. Олардың шетелдерде отырған ғалымсымақтары қазір көп қателесіп жатыр. Олар айтқан уағыздарын, сабақтарын интернетке салады, біз соны тыңдап, қателесіп отырғандарын байқаймыз. Өте әйгілі Назаратула деген уағызшылары мен 20 жыл бәленше деген адамның алдында сабақ алдым, 15 жыл тағы бір ғалымнан сабақ алып Ижаз алдым дейді. Ижаз деген арабтарда рұқсатнама құжат. Яғни уағыз жүргізуге ғалымдар береді дейді. Кейін мен 10 жыл отырдым, Ижаз алмадым, қателестім деп айтады. «Ия, қателеспейтін адам жоқ» деп ақтайды оның уағызын тыңдаушылар. Біз оны былай деп түсіндіреміз, адам қателеседі, иә. Бірақ Ижаз мәселесінде адам қателесуі мүмкін емес. Мысалы 11 жыл бойы мектепте екімен оқыдыңыз, бірақ барлығына беспен оқыдым деп айтып жүрсіз. Кейін екімен оқығаныңыз анықталып, аттестацияда екі тұрғаны белгілі болғанда «жоқ мен қателестім, негізінен беспен оқыған жоқ едім» десең ақылға симайды ғой. Ижаз мәселесінде де олар қателестім деп өтірік ақталып жатыр. Осылайша олар біздің қаракөз қандастарымызды ойына келгенін айтып, адастырып жүр», - дейді ол. 

Сонымен қатар, ол діни теріс ағым мәселесімен күресте тек үкімет пен мешіт имамдары ғана емес, қоғам болып атсалысуымыз қажеттігін айтты. Әр адам өз жақынынан күмәнді әрекет байқаса, оңалту орталығына хабарласып, мамандардың кеңесіне сүйенуге шақырды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, өткен жылы Алматыдағы дін мәселесі бойынша оңалту орталығының көмегіне 1400 адам жүгінген.

Өзгелердің жаңалығы