Терезелері жабық, қабырғасында тарақандар жүретін вагондарға билет алу арман болды - депутат

6 Қыркүйек 2023, 11:11
1483
Бөлісу:
Терезелері жабық, қабырғасында тарақандар жүретін вагондарға билет алу арман болды - депутат
Фото: BAQ.KZ - архив

Депутат Елнұр Бейсенбаев еліміздегі темір жол саласын сынап, пойыз вагондарының сапасы сын көтермейтінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат осы мәселеге қатысты сауалын Үкімет басшысына жолдады.

Жыл сайын біз вагондар паркін жаңарту мәселесін көтеріп келеміз. Уәде бар, бірақ іс жүзінде жоспарланған қарқындар сақталмайды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта жылжымалы теміржол құрамының паркі 138 мың бірлікті құрайды, орташа тозуы 55%. Министрлік 2025-2030 жылдар аралығында вагондар паркін жаңартуды жоспарлап отыр. Осы орайда, ескере кететін жайт «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы 1997 жылы құрылды. Яғни 26 жыл күткеніміз аздай, енді тағы да 7 жыл күтуіміз керек. Күткен үмітіміз ақталатынына, вагондар паркін жаңарту жұмысы тиімді болатынына сеніміміз аз, - деді Бейсенбаев.

Оның сөзінше, 2030 жылы қалған вагондар ескіріп, теміржол құрамы паркінің тозуы 55%-дан да асып кетпейтініне ешкім кепіл бола алмайды.

Осындай кондиционері істемейтін, терезелері ашылмайтын, қабырғасында тарақандар жүретін, қазіргі уақытта тозығы жеткен вагондарға жаз мезгілінде билет сатып алу арман болды. Ал сәті түсіп билет тапқан бақытты жандарды вагон ішіндегі нағыз масқара күтіп тұрады. Жаз бойы халықтың жан айқайын әлеуметтік желіден әбден көрдік. Жыл сайын біз азаматтарымыздың ішкі туризмге деген қызығушылығының артып келе жатқанын көріп отырмыз, - деп айтты Ернұр Бейсенбаев.

Ол негізгі турмаршруттардағы жолаушылар ағынын басқаруға қатысты стратегиялық жоспар қажет екенін айтты.

Билеттер тапшылығымен қатар, билет бағасының қымбатшылығын көріп отырмыз. Олар әртүрлі мобильді қосымшаларда сатып алу кезінде ерекшеленеді. Ресми беттерде тапшы маршруттарға билеттерді сатып алу кезінде тек жоғарғы орындар қол жетімді. Бұл жыл сайынғы теміржол билеттер құнын субсидиялауға қомақты қаражаттар бөлінуіне қарамастан орын алып отыр. Онымен қоймай, қымбат бағасына сапасы сай келмейтін пойыздардың жиі кешігуі болып жатыр. Соңғы кездері сапардағы азаматтарымыз үшін пойыздардың 1-2 сағат кешігуі үйреншікті жайт болып қалды. Бұл уақытты жоғалтуға ғана емес, кейде қаржылай шығындарға әкеледі, өйткені трансфермен келе жатқан жолаушылар келесі пойызға кешігіп қалады. Бірақ бұл үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға ешкім асықпайды, - деп түсіндірді Мәжіліс депутаты.

Министрліктің мәліметінше, 2023 жылғы 11 және 17 тамыз аралығының өзінде жолаушылар пойыздарының 50 сағат 40 минутқа кешігіп келуінің 86 жағдайы тіркелді. Аймақтардағы теміржол вокзалдарының кімнің меншігінде және қандай жағдайда екендігі де алаңдататын мәселе екенін атап өтті.

Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында теміржол вокзалының ғимараты, станцияның өзі және жол учаскесі «Ресей темір жолдары» ресейлік мемлекеттік компаниясымен жалға алынған. Еліміздің аумағындағы стратегиялық салада шетелдік оператордың жұмыс істеуі қалай болғаны?! «Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясының құрылғанына 26 жыл болғанына қарамастан бұл саладағы жұмыс әлі күнге дейін ретке келетін емес, - дейді ол.

Ернұр Бейсенбаев депутаттық сауалда көтерілген мәселелерді жан-жақты зерделеп, теміржол тасымалы мәселесін түбегейлі шешуді сұрады.

Өзгелердің жаңалығы