«Терең құдыққа құлап бара жатқан едім» – кардиолог реанимациядағы тылсым жайтпен бөлісті

30 Шілде 2023, 10:20
4715
Бөлісу:
«Терең құдыққа құлап бара жатқан едім» – кардиолог реанимациядағы тылсым жайтпен бөлісті
Фото: архив

Жүрек – адам ағзасында басты қызмет атқаратын мүше. Адам өміріне қауіп төндіретін жүрек қантамырлары ауруларымен күресте кардиолог дәрігерлерінің еңбегі ерен. BAQ.KZ тілшісі осындай жауапты мамандық таңдауда қателеспеген, 33 жыл еңбек тәжірибесі бар жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, ҚР ПІБ МО ауруханасының бас кардиологы Әлия Жолдасбековамен сұхбаттасқан болатын.

- Сіздерге келетін науқастар кардиологиялық аурулардың қандай түрлеріне шағымданады?

- ҚР ПІБ МОА №2 терапиялық бөлімшесінде кардиологиялық аурулар бойынша науқастарды қабылдаймыз. Бізге науқастар қан қысымы, жүректің ишемиялық ауруы, миокард инфарктісі, жүрек жеткіліксіздігі, жүрек ырғағы мен өткізгіштігінің бұзылуы сияқты шағымдарымен келеді. Сондай-ақ кардиомиопатия диагнозымен келіп түсетін науқас та көп. Қант диабетінің фонында жүректің ұсақ коронарлы тамырлары зақымданған жағдайлар да жиілеп барады.

- Сіз атаған жүрек ауруларына ауруханада қандай ем-шаралар жүргізіледі?

- Бізде кардиология, кардиохирургия және аритмология бөлімшелерін біріктіретін Жүрек орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықты басқару менің жауапкершілігімде. Мұнда келген науқастың жүрегіне толық скрининг жасаймыз. Кардио бағдарламасы бойынша тексеру зертханалық диагностиканы, ЭКГ, ЭХОКГ, Холтер бойынша ЭКГ мониторингін, артериялық қан қысымының тәуліктік мониторингін, жүктеме сынамаларын, кальций индексін, жүректің БФЭКТ-КТ, коронарангиографиясын анықтай отырып, коронарлық қантамырларды КТ зерттеуді қамтиды. Коронарография дегеніміз – жүректің тәж тамырларына контрастық зат жіберу арқылы рентгенологиялық тексеру әдісі. Егер жүректің коронарлық тамырлары тарылған болса, диагностикалық және емдеу тәсілдерімен жүрек қантамырларына стенд қоямыз. Егер жүректе көп тамыр зақымданса, кардиохирургпен ақылдасып, аорта-коронарлы шунттау жасауға жібереміз. Яғни білікті дәрігерлерден жиналған мультидисциплинарлық команда әр науқастың жүрегін жіті тексеріп, қандай асқынулар болуы мүмкін және оның алдын алуда не істеу керегіне талдау жасап, кардиохирургиялық операцияға дайындайды. Операциядан кейін науқас кардиореабилитация бөлімшесінде оңалтудан өтеді. Науқастың ол жақта да жағдайын бақылауды тоқтатпаймыз.

- Кардиология бөлімшесіне келіп түскен науқастардың орта жасы қанша?

- Өкінішке қарай, жүрек ауруына шалдығатын науқастар жасарып барады. Бұрындары жүрек қантамырларымен ауыратындардың орта жасы 50-ден асқан болса, қазір 40-45 жасты қамтиды. Ал дәл қазір науқастардың тізімін ашып қарайыншы, ең жасы 1990 жылғы азамат екен. Ол бізге жоғары қан қысымымен түскен. Қазір қажетті ем-шаралар жасалып жатыр. Ал инфаркт бойынша 37 мен 48 жас аралығында науқастарға терапиялық қызмет көрсетудеміз.

- Белең алған инфаркт ауруының белгілері қандай және қалай алғашқы көмек көрсетуге болады?

- Инфаркт бірден орын алатын жағдай емес, оған алып келетін түрлі жайлар бар. Мысалы, коронарлық тамырлар зақымданған болса, жоғары қан қысымы кезінде тахикардиялық белгілер көрініс табады. Яғни жүрек соғысының жиілігі артып, қарыншалар қанға толып үлгермейді және жүрекке қажетті оттегі әкеле алмайды. Бұл стенокардия түрінде көрініс табуы мүмкін. Сонымен қатар тығыздығы төмен липопротеидтердің холестерин деңгейін анықтау маңызды. Себебі инфаркт пен инсультің себепшісі атеросклеротикалық түйіндіктер болып келеді. Ол кез келген кезде жарылып, тромб пайда болады. Нәтижесі инфарктіге алып келеді. Кеудедегі және төс сүйегінің артындағы ауырсынулар, жылдам жүріс кезіндегі демікпе, физикалық қимыл-қозғалысқа төзімділіктің төмендеуі, жүректегі жайсыздық инфаркт алдындағы дабыл болып саналады. Мұндайда міндетті түрде кардиологке көріну керек. Эхокардиография, электрокардиограммада жүректің өзгерістері көрінбейді, онда бәрі қалыпты деп шығуы мүмкін. Ол үшін не істеу керек? Ең бастапқы скрининг ретінде жүректің коронарлық тамырларына мультиспиральді компьютерлік томография жасату қажет және коронарлық тамырлардың кальцийлік индексін анықтау керек. Егер кальцийлік скриниг 100 бірліктен жоғары болса, коронарлық тамырлардың зақымданғанын көрсетеді. Ол науқасты міндетті түрде тереңірек тексеріп, инфарктінің алдын алатын емдеу шараларының бәрін қолдану қажет (коронароангиграфия өткiзiледi). Көп адам жоғарыда аталған белгілерді остеохондроз немесе өңеш ауруы деп бүркеп қоя салады. Бұл жіберіп алатын көп қателіктің бірі. Ең біріншіден, бұл кардиологиялық ауру белгісі еместігіне көз жеткізіп алу маңызды.

Инфарктінің басты белгісі – ол ұзақ ауырып тұрмайды. Жүрекке тиген қанжар сияқты қатты ауырсынады. Ауа жетпей, қан қысымы төмендеуі, көтерілуі және демікпе болуы мүмкін. Мұндайда біздің науқастар қалтасында әрдайым «изокет», «нитроглицерин» сияқты дәрі-дәрмегін алып жүреді. Ауырсыну байқалғанда тілдің астына қойса, тамырларды кеңейтетін әсер береді. Артынша бірден жедел жәрдем шақыру керек.

- Жүрек ауруларына әкелетін себептер қандай?

- Оған ең бірінші тұқымқуалаушылық себеп болуы мүмкін. Ата-анасында 60 жасқа дейін инфаркт немесе инсульт болса, бірінші буынның үштен екісінде коронарлы немесе ми қантамырларының закымдану бейімділігін байқау керек. Бірақ белсенді физикалық қозғалыс пен салауатты өмір салтын ұстану арқылы оған жол бермеуге болады. Екіншіден, артық салмақ, темекі мен ішімдік, сондай-ақ күйзеліс те жүрек қантамырларының жұмысын нашарлатады. Тағам мен сусындардың құрамына да мән берген жөн. Адам ағзасына зиянды өнімдер микроайналым арнасын бұзады. Үшіншіден, қант диабеті, метаболизмдік синдром жүрек ақауларына әкеліп соғуы мүмкін.

- Жүректің саулығын сақтауға қандай кәсіби кеңес бересіз?

- Ең бірінші кезекте спорттық жүріспен күніне кем дегенде 5-7 мың қадам жаяу жүруге кеңес беремін. Себебі жүректе коронарлы тамырлардан бөлек, коллатеральды (жанама) тамырлар қан айналымы жұмыс істейді. Ол жас ағзада ұйықтап жатқанымен, біз көп жүрген сайын коллатеральды желіні шынықтыра түсеміз. Егер негізгі тамырға соққы түссе, коллатеральды желі іске қосылып, зақымданған аймаққа қан жібереді. Инфарктіні «аяқтан өткізгендердің» түпкі себебі осыдан. Танымал ғалым, кардиолог Николай Амосовтың «Әр адам өзінің инфарктінен қашып кету керек» деген сөзі бар. Ол үшін жаяу жүру әдетін тоқтатпау керек.

Темекі – жүректің бірінші жауы. Келесі кезекте темекіні тастауға кеңес беремін. Өйткені ондағы никотин микроайналым арнасындағы майда тамырларды зақымдап, жүректің тарылуына әкеліп соғады.

- Көпшілік сүйіп қолданатын қорқордың (кальян) жүрекке зияны бар ма?

- Қорқордың темекіден еш айырмашылығы жоқ. Ол да жүректің майда қантамырларын бітеумен қатар, сондай-ақ туберкулез сияқты түрлі инфекциялық ауруларды жұқтыруға дейін алып келеді.

- Сіз дәрігер болуды армандадыңыз ба?

-Мен анама қарап (анам дәрігер-педиатр) бала күнімнен дәрігер болуды армандадым. Осы арманның жетегімен Алматы мемлекеттік медициналық институтын 1989 жылы үздік аяқтап, 1990 жылы Шымкент қаласындағы №6 қалалық аурухананың инфаркт бөлімшесіндегі Жедел жәрдем блогында кардиолог болып алғашқы еңбек жолымды бастап кеттім. Әкем партиялық қызметте болды, бұл дегеніміз әрдайым күйзеліс үстінде жүру, қан қысымы жоғары болатын. Сонда әкем әрдайым «Менің қызым жүрегімді емдейтін кардиолог болады» деп айтып отыратын. Осы сөз маған мамандық таңдауда бағытымды айқындап берді. 3-4 курстан бастап кардиология бөлімшелерінде тәжірибеден өтіп, кезекшіліктерде жүрдім. Көп нәрсе үйрендім. Әрине, оқуды бітіріп келген соң «Емдеу ісі» дипломымен мені кардиолог маманы ретінде жұмысқа алмады. Бірақ менің таудай талабым бәрін жеңіп шықты. Кардиограммалардың бәрін мүлтіксіз оқып бергеніме бөлім меңгерушісі таңғалып, кардиореанимацияда бір апта кезекшілік етуіме рұқсат берді. «Бір аптадан кейін өзің-ақ қашып кетесің» дегеніне дес бермей, күні-түні білгенімді үйреніп, кардиолог болуға дайын екенімді дәлелдедім. Сол кезде маған сенім білдіріп, жауапкершілікпен жұмысқа қабылдаған Әбсейітова Сәуле Райымбекқызы мен Өтеулин Мақсат Тұрманұлына айтар алғысым шексіз. Бүгінде кардиология саласында білім мен біліктілігімді шыңдап келе жатқаныма 33 жылдан асыпты. Бұл уақыт аралығында Қарағанды кардиологиялық диспансерінде, Қарағанды медициналық университетінде, 2001-2015 жылдары Ұлттық ғылыми медициналық орталығының Кардиология бөлімiнде жұмыс істедім. Ал 2016 жылдан бастап ҚР ПІБ МО ауруханасының бас кардиологы болып қызметімді жалғастырып келемін. Ғылыммен де айналыстым, кандидаттығымды, докторлығымды қорғадым.

- Отыз үш жылдық еңбек жолыңызда ерекше оқиғаның куәсі болғаныңыз есіңізде ме?

- Ондай оқиғалар көп қой. Қазір есіме түсіп отырғаны, кардиореанимацияда жұмыс істеген алғашқы жылы маған 50-52 жастағы науқас инфарктпен келіп түсті. Біз «Стрептокиназа 500 ЕД» тромболитикалық препаратымен қантамырдың ішкі құрылымында пайда болған тромбты еріту әдісін жасаймыз. Сол кезде жүрек қарыншалары бүлкілдеп, қалған дене мүшелеріне қан тарата алмай, қауіпті жүрек бұзылысы (жүрек қарыншаларының фибрилляциясы, жүрек тоқтау) орын алады. Осының бәріне алдын ала дайын болғандықтан, барлық реанимациялық шараны сәтті өткіздік. Науқас өзiне келiп айтқаны: «Мен терең құдықтың ішіне асқан жылдамдықпен құлап бара жатқандай болдым. Бір кезде сіз мені аппақ халат пен қалпақ киген кейіппен кеудемнен ұстап жарыққа алып шықтыңыз. Сол үшін сізге алғысым шексіз» деді. Дәрігерлер үшін науқасты өлімнен арашалау әдеттегі жұмыс барысы болғанымен, науқастарға бұл ұмытылмас жағдай. Олардың алғысын естігенде кардиолог мамандығын бекерге таңдамағаныма іштей марқайып қаламын.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы