Теннис: Әлем чемпионатына баратын Қазақстанның жасөспірімдері анықталды

27 Шілде 2022, 13:42
1105
Бөлісу:
Теннис: Әлем чемпионатына баратын Қазақстанның жасөспірімдері анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Чехияның Простеев қаласында 1-6 тамыз аралығында 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасында командалық әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі. 

Дүниежүзілік додаға бозбалалар мен қыздар арасында 16 командадан қатысады. Қазақстан жасөспірімдер құрамасы мұндай деңгейдегі жарыста алғаш рет бақ сынағалы отыр. Команда капитаны Сергей Квак ел намысын Заңғар Нұрланұлы, Дамир Жалғасбай және Даниэль Тазабеков қорғайтынын мәлім етті. 

Заңғар Нұрланұлы 2008 жылы 4 шілдеде дүниеге келген. Қазақстан додаларында Түркістан облысы атынан сынға түсіп жүр. Тенниспен төрт жасынан Алматыда жаттыға бастады, алғашқы бапкері – Қайрат Көшеров. Қазіргі кезде Братислава қаласында тұрып жатыр, Доминика Цибулкова академиясында жаттығады. Бойы – 175 см, салмағы – 63 кг. Оңқай, бэкзендті қос қолмен орындайды. Хард пен топырақ төсенішінде ойнағанды жақсы көреді. 

Дамир Жалғасбай 2008 жылы 21 ақпанда туған. Алматыда ЦСКА корттарында Юрий Карловтың қоластына төрт жасынан жаттықты. Күні бүгін Алексей Филатовтың басшылығымен Team Kazakhstan академиясында шеберлігін шыңдап жүр. Бойы – 190 см, салмағы – 68 кг. Оңқай, бэкхендті қос қолмен орындайды. Сүйікті төсеніші – хард. 

Даниэль Тазабеков 2008 жылы 8 қаңтарда туған. Алты жасынан елордадағы Ұлттық теннис орталығында Владимир Оганянның шәкірті болды. Қазіргі таңда Белград қаласында «Стари Кошутняк» теннис кешенінде Велько Барьяктаровичтің жетекшілігімен жаттығады. Бойы – 175 см, салмағы – 62 кг. Солақай, бэкхендті қос қолмен орындайды. Топырақ төсенішінде ойнағанды қолай көреді. 

Сергей Квак – бас бапкер, Дмитрий Костецкий жалпы дене дайындығы бойынша жаттықтырушы, Тимур Аққазиев – делегация басшысы, Теннис федерациясы Team Kazakhstan академиясы департаментінің директоры.

Өзгелердің жаңалығы