Еуропалық одақ елдерінің балық шаруашылығы саласы Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуінен туындаған жанармай бағасының күрт қымбаттағанынан елеулі қиындықтарға тап болуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
DR телерадиокомпаниясының мәліметінше, кейбір балықшылар теңізге шығудан бас тартуға мәжбүр, өйткені дизель отынына кететін шығындар кәсіпті экономикалық тұрғыдан тиімсіз етіп отыр.
Даниядағы Тюборён порты балықшылары қауымдастығының төрағасы Альфред Фискер Хансеннің айтуынша, жанармай бағасы жұмыс шығындарын жаппайтын деңгейге жеткен. Айта кетейік, 2026 жылдың ақпанынан наурыз айына дейін дизель бағасы шамамен 70%-ға өскен.
Еуропаның басқа елдерінде де жағдай ұқсас екенін Europêche ұйымы хабарлады. Ұйымның басқарушы директоры Даниель Восеса де Онаинди сала үлкен шығынға ұшырап отырғанын және шұғыл қолдауды қажет ететінін айтты.
Сала өкілдері ЕО билігі мен ұлттық үкіметтерді шығындардың өсуін өтеуге және балықшылардың жағдайын тұрақтандыруға көмектесетін жедел шаралар қабылдауға шақыруда.