VolcanoDiscovery порталының мәліметінше, бүгін жергілікті уақыт бойынша 11:44-те Атырау облысында жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жерасты дүмпуінің тереңдігі – 10 метр, ал, магнитудасы – 4,2. Теңіз» кен орнындағы жер сілкінісі 5 секундқа созылған.
«Теңізшевройл» компаниясының баспасөз қызметі жер сілкінісі болғанын растады.
«Теңізшевройл» 2025 жылғы 11 мамырда «Теңіз» кен орнында сейсмикалық оқиғаның тіркелгенін растайды. Бұл оқиға персонал мен өндіріс қызметіне әсер еткен жоқ, - деп мәлім етті компанияның баспасөз қызметі.
«Теңіз» – Атырау облысының Жылыой ауданында орналасқан ірі кен орны. Мұнда 1976 жылы 24 маусымда №1 ұңғыманы бұрғылауды басталған. Үш жылдан соң кен орнына сынақ жүргізілген.
1979 жылғы 18 желтоқсанда кен орнындағы тұзасты қабатынан тәулігіне 475-600 текше метр мұнай алынатыны жөнінде қорытынды жасалған. Кен орнының коллекторындағы күкірт мөлшерінің 25 пайызға жететіні анықталған.
Қазір кен орнын «Теңізшевройл» компаниясы игереді. Бұл компания 1993 жылғы 6 сәуірде құрылған.