Тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекеге жол ашу қажет – Президент кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді тапсырды

Президент шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейтіп, 2027 жылдан бастап кәсіпкерлерді тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесін талқылауды ұсынды.

 gov.kz 28 Қазан 2026, 12:11
28 Қазан 2026, 12:11
96
Фото: gov.kz

Қазақстанда шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін арттырып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауға басымдық беріледі. Мемлекет басшысы орта бизнесті дамыту жоспарын әзірлеуді, мемлекеттік сатып алуға кәсіпкерлерді кеңінен тартуды және тексеру жүйесін қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Енді шағын және орта бизнес туралы пікірімді айтқым келеді. Қазір оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жетті, ал негізгі капиталға тартылған инвестициядағы үлесі 70 пайызға жақындап келе жатыр. Шағын бизнестің маңыздылығы бәрімізге белгілі, ол көптеген елде экономиканың қозғаушы күші саналады.Бүгінде бұл саладағы кәсіпкерлердің үштен бірінен астамы саудамен айналысады. Сол себепті шағын бизнес құрылымын әртараптандыруға баса мән беру қажет деп үнемі айтып жүрміз. Сонымен қатар Үкіметтің алдында орта бизнесті дамыту жөнінде арнайы жоспар әзірлеу міндеті тұр, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында. 

Айтуынша, құжатта кәсіпорындарды ұзақмерзімді каржыландыру әрі технологиялық тұрғыдан жаңғырту тетіктері көрсетілуі қажет. Орта бизнес өкілдерінің ірі кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеп, оларға өз өнімдерін өткізуіне жағдай жасау керек.

Қалай болғанда да, мемлекет экономикамыздағы маңызды тапсырыс беруші болып қала береді. Сондықтан мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларына шағын және орта бизнесті тарту тәсілдерін жетілдіру қажет. Сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің белгілі бір бөлігін шағын және орта кәсіпорындарға резервте қалдыруға болады. Сонымен қатар жеткізушілерге қойылатын талаптарды жеңілдету керек. Кәсіпкерлер үшін тұрақты әрі түсінікті «ойын ережелерін» қалыптастыру аса маңызды. Мемлекеттік бақылау жүйесі біршама либералды болғанымен, айыппұлдар, жоспардан тыс тексерулер және шоттарды бұғаттауға әкелетін камералдық бақылау арқылы кәсіпорындардың жұмысына әлі де ықпал етіп отыр, – деді Президент. 

Сонымен қатар ол мұндай ықпалды оң құбылыс деп айтуға болмайтынын ескертті.

Мәселен, биылғы бірінші жартыжылдықта жеке кәсіпкерлер тарапынан тіркелген заңбұзушылықтар саны 34 пайызға азайған. Алайда айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 11 пайызға өскен, ал жоспардан тыс тексерулер саны ондаған есе артқан. Сонымен бірге іскерлік белсенділікке жүргізілген талдау бизнестің дамуына кедергі келтірмесе де жеткілікті екенін көрсетіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, 2020–2023 жылдары микро және шағын бизнесті тексеруге енгізілген мораторийдің тәжірибесі пайдалы. Оның тиімділігі дәлелденді. Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірлесіп, алдыңғы мораторийдің оң және теріс тұстарын ескере отырып, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап тағы да үш жылдық мораторий енгізудің орындылығын талқылауды ұсынамын. Бұл қадамды бақылау-қадағалау жүйесін қайта құрып, цифрлық реттеу моделіне көшу үшін берілетін стратегиялық үзіліс ретінде қарастырған жөн, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Наверх