Мәжіліс кулуарында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жаңа Конституция жобасындағы 9-баптың екінші тармағына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналист министрден әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан «тең» және «қатар» сөздерінің айырмашылығы туралы сұрады. Атап айтқанда, жаңа редакцияда «тең» деген сөздің орнына «қатар» сөзі қолданылған.
Министрдің айтуынша, бұл мәселені толық түсіну үшін 9-баптың мазмұнын тұтас қарастыру қажет.
Біріншіден, бірінші тармақта тайға таңба басқандай жазылып тұр: мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі қолданылады. Бұл 9-баптың бірінші тармақшасында нақты көрсетілген, – деді Сәрсембаев.
Ал екінші тармаққа сәйкес, мемлекеттік ұйымдарда қазақ тілімен қатар орыс тілі қолданылатыны көрсетілген.
Екінші тармақшада мемлекеттік ұйымдарда қазақ тілімен қатар орыс тілі қолданылады деген талап жазылған. “Тең” мен “қатар” сөздерінің айырмашылығы туралы бірқатар азаматтар, қоғам қайраткерлері мен депутаттар пікір білдіріп жүр, – деді министр.
Журналист “Әділет министрі ретінде сіздің сөзіңіз құнды ғой?” деп нақтылағанда, Сәрсембаев бұл өзгерісті эволюциялық даму ретінде бағалайтынын айтты.
Филолог ретінде өзіңіз де түсініп отырсыз ғой. “Қатар” деген қай жақта тұр, “тең” деген қай жақта тұр? Мен бұл өзгерісті эволюциялық жол деп санаймын. Мұндай өзгерістер 30 жылдан бері пісіп-жетіліп, қазіргі кезеңде жаңа деңгей ретінде енгізіліп отыр, – деді Әділет министрі.