Қапышевтар әулеті жыл сайын өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының биылғы жеңімпаздарының бірі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық байқауда Қазақстанның барлық өңірлерінен 20 үздік отбасы марапатталды. Алматыдан келген әулеттің ерекшелігі отбасы мүшелерінің барлығы өмірлерін Қазақстан теміржолына қызмет етуге арнаған.
Теміржол саласында 45 жыл жұмыс істедім. Биылғы күзде Мұрат екеуміздің үйленгенімізге де 45 жыл толады. Үш баламыз бар. Барлығы теміржолда істейді. 7 немереміз, 1 шөбереміз бар. Барлығымыз Алматыда тұрамыз. Осы байқаудың үздігі атанғанымызға өте қуаныштымыз, – деді Мензипа Төлеуова.
Адамгершілік қасиеттерді жандандыруға, отбасы мәртебесі мен құндылықтарын арттыруға бағытталған байқау жеңімпаздарын Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтады.
Сіздерге құрмет көрсетіп, жылы лебіз білдіру – үлкен мәртебе. Өйткені Қазақстанның әр отбасы – еліміздің тірегі, жүрегі. Сіздердің байқауға белсенді қатысып, жеңімпаз атанып отырғандарыңыз мен үшін қуаныш, – деді ол.
Марапаттау рәсіміне Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та қатысты. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін жеткізді.
Айта кетейік, биыл байқауға жалпы 3 369 өтінім келіп түсті. Байқауға қатысу бойынша Қарағанды облысы (534), Жетісу (415), Астана (238) және Алматы (235) қалаларының тұрғындары ерекше белсенділік танытты.