Алматыда тұратын Қапышевтер әулеті теміржол торабына әулетімен еңбек сіңірген. Осы салада зейнетке шыққан Мұрат Қапышев әуелтімен бір салада жұмыс істеудің қыр-сырын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қапышевтер әулетінің үш буыны – бүкіл ғұмырларын теміржол саласына арнаған кәнігі мамандардың әулеті деп ауыз толтырып айтуға болады. Әулеттің теміржолда жұмыс істеген бүкіл еңбек өтілін қосқанда 800 жылдан асып жығылады!
Отбасы мүшесіндегі 26 адам теміржол саласында еңбек еткен. Оның 15-і ерлер, 11-і әйелдер. Отбасының әрбір мүшесінің еңбек өтілі 15 жылдан 45 жылға дейін.
- Отбасыңыздың теміржол саласында қызмет еткен өтілі 826 жылдан асады екен. Осы жайлы айта кетсеңіз.
- Біздің әулетімізде теміржол саласына ең бірінші әкем Қапышев Садан 1932 жылы 24 жасында жұмысқа кірген екен. Сол уақыттарда әкеп пойыз бақылаушысының қызметін атқарды. Асқар тау әкеміз біз үшін мақтан тұтар тұлға болды. Өмірінің соңына дейін осы салада қызмет етіп, бізге үлгі бола білді. Осы уақытқа дейін сол кісінің ұрпақтары теміржол саласында еңбек еткен өтілін қосқанда 826 жылдан астам уақыт өтіпті. Бұл былай қарасаңыз бір ғасырға жуық уақыттың шамасы. Әкемізден бері санағанда үш ұрпақ осы салада тынбай еңбектеніп, нәпақасын адал еңбегімен тауып отыр.
-Теміржол саласын таңдауға не себеп болды? Ата-аныңыздың айтуымен бе әлде өз қалауыңыз ба?
-Жоқ, біздің әкеміз нақты мына салада істейсің деп мәжбүрлеген емес. Теміржол саласына өз жүрек қалауыммен келдім. Мен мектепті 1973 жылы бітіріп, Алматыдағы теміржол техникумына оқуға түсіп, оны 1976 жылы бітірдім. Оқуымды тәмамдағаннан кейін Матай станциясына барып жұмысқа орналастым. Жұбайым да сол Матай станциясының жергілікті тұрғыны. Мектепте бірге оқыдық. 1979 жылы отау құрдық, қазіргі таңда 3 балам бар. Осы салада жұмыс істеп, 2018 жылы зейнетке шықтым. Қазіргі уақытта зейнеткермін. Теміржол саласында еңбек еткеніме 42 жылдан астам уақыт өтіпті. Менің ойымша, әр адам өзі қалаған салада еңбек етіп, жемісін көргенде, оның ісі оңалып, мол табысқа жетеді. Сол себептен әркім өзінің жүрек қалауын тыңдаған дұрыс деп есептеймін.
- Теміржол саласының қызықты да көңілді, қиын тұстарын айта кетсеңіз.
- Әр саланың өзіне тән қиындығы мен қызығы болады. Сол секілді теміржол саласының да өзіндік қызықтары бар. Мен ең алғаш тепловоз машинисі болып істедім. Ол өте қиын әрі ауыр және жауапкершілігі мол жұмыс. Біздің басты мақсатымыз - пойыз жүргізіп, жолаушыларды тасымалдап, баратын жерлеріне көздеген уақытта жеткізіп отыру. Жолда әртүрлі адамдарды кездестіресің. Еліміздің әр қаласына сапар шегіп, тіпті еліміздің көптеген адамдарымен дидарласып, көрісесің. Дегенмен бұл саланың да өзіндік қиындығы артып жығылады. Қыста күннің суығына, жазда аптап ыстығына шыдап, күн-түн деместен жұмыс істейтін күндер де болды.
- Осы салаға бет бұрған балаларыңыз бар екен, олар бұл саланы қалай таңдады?
- Бағана айтып өткенімдей, үш балам бар. Оның үшеуі де ата жолын жалғап, әулетіміздің ісін жалғастырып келеді. Осы салада еңбек ету олардың өз қалауы болды. Үлкен ұлым - Алматы бөлімшесінің 2-ші Алматы станциясында қауіпсіздік бөлімінің бас маманы. Екі қызым бар. Екеуі де 2-ші Алматы станциясында І санатты техник болып жұмыс істейді. Отбасыңмен бір жұмыста қызмет ету - бір-біріңді қолдап, қиналғанда демеу беріп, оны түсіну. Бір салада талмай еңбек етіп, теміржол саласында қызмет еткенімізді мақтан етеміз.
- Теміржол саласына енді келіп жатқан жас мамандарға не айтасыз?
- Жастарға айтарым - өздерің қалаған мамандықты таңдап, сол істі сүйіп атқарса, алынбайтын қамал жоқ. Теміржол мамандығын таңдаған адамның бойында жауапкершілік, тәртіп, еңбекқорлық, адалдық сынды қасиеттер болуы тиіс. Жұмыс барысында жолаушыларға қауіпсіз жағдай жасап, заманауи технологияларды меңгеріп, үнемі біліктіліктілігін жетілдіріп отыру, жас мамандарға ұстаз ретінде тәлім-тәрбие беру, өз кәсібін құлай сүюі қажет.