Теміртауда есірткіні жарнамалайтын 3 мыңнан астам граффити жазу өшірілді

Бөлісу:
Теміртауда есірткіні жарнамалайтын 3 мыңнан астам граффити жазу өшірілді
Фото: polisia.kz

Теміртау қаласында есірткіні жарнамалайтын граффити жазбаларды бояуға 500-ден астам ерікті, полиция және күзет ұйымдарының қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

3 мыңнан астам жазу мен заңсыз жарнамалық сурет өшірілді

7 қыркүйекте Теміртау қаласында есірткі заттарының таралуына қарсы және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған күрес бойынша ауқымды акция өтті. Еріктілерді, полиция қызметкерлерін және күзет ұйымдарын қосқанда 500-ден астам адам есірткі жарнамасы бар заңсыз граффитиді бояу үшін жиналды.

Іс-шараға қатысушылар 5 адамнан тұратын 100 топқа бөлінді, олардың әрқайсысы жұмыс істеу үшін өздерінің маршруттық карталарын алды. Нәтижесінде бір күнде 3 мыңнан астам жазу мен заңсыз жарнамалық сурет өшірілді.

Осы жылдың 15 шілдесінде Теміртау қаласының полиция қызметкерлері есірткі сайттарын жарнамалап, граффити жазуларды түсіргені үшін Қарағанды қаласының 39 жастағы тұрғынын ұстады. Полиция ұсталған адамның қаланың жеті көшесіндегі 36 үйге 186 граффити жазба қалдырғанын анықтады. Қазіргі уақытта оған қатысты қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүргізіліп жатыр, – деді Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Ол мұндай іс-шаралар есірткі қылмысына қарсы күрестің маңызды бөлігі екенін және қаланың көрнекі келбетін жақсартуға, сондай-ақ жастарды теріс ықпалдан қорғауға көмектесетінін атап өтті.

Мен есірткіні қолдануға үзілді-кесілді қарсымын және оларды насихаттауға жол бермеуіміз керек. Есірткіні жарнамалайтын граффити мен басқа да суреттерді өшіру акциясына қатысқаныма қуаныштымын, себебі бұл біздің қоғамда салауатты және қауіпсіз ортаны сақтау үшін маңызды, — деді Қарағанды қаласының индустриалды университетінің студенті Әділет Айдархан.

Айта кетейік, мұндай акция Қарағанды облысының барлық қаласында тұрақты түрде жалғасын табады.

 

Өзгелердің жаңалығы