Теміртауда балалар емханасы және әйелдер консультациясы ашылды

3 Тамыз 2019, 01:28
1702
Бөлісу:
Теміртауда балалар емханасы және әйелдер консультациясы ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Теміртауда №2 емхана базасында күрделі жөндеуден кейін педиатриялық бөлімше мен әйелдер консультациясы ашылды. 

Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінне хабарлағандай, осыдан екі жыл бұрын Теміртау қаласының №2 емханасы жеке медициналық ұйымға сенімгерлік басқаруға берілген болатын. Шарт талаптары бойынша «Гиппократ» ЖШС өз қаражаты есебінен ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіп, қажетті жабдықтар сатып алуі тиіс.
Бүгінгі күні ғимараттың бірінші қабатында жөндеу жұмыстары аяқталған. Мұнда педиатрия бөлімі мен әйелдер консультациясы ашылды. Бұл кішкентай және ересек пациенттердің ағындарын ажыратуға, сондай-ақ емханадағы жалпы практика дәрігерлеріне жүктемені азайтуға мүмкіндік берді.

Осы екі бөлімшенің жұмысымен Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев танысып қайтты. Ол емхананың жұмысына баға берді.

"Біз нысанды жеке фирмаға сенімді басқаруға берген кезде, жергілікті тұрғындарда барлық қызметтер ақылы болады деген үрей туындады. Алайда барлық жұмыс қолданыстағы заңнама нормативтері аясында жүргізіледі. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі бар. Ол денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен реттелген. Медициналық көмектің кепілді көлеміне кірмейтін қызметтер ақылы негізде көрсетіледі. Бірақ бұл жағдайда да барлығы заңмен нақты реттелген", - деді басқарма басшысы Ержан Нұрлыбаев.

Балалар бөлімінде салалық мамандар - оториноларинголог, офтальмолог, неврапатолог, хирург, кардиологтар қабылдау жүргізеді. Сондай-ақ, шұғыл пациенттерді қабылдау үшін фильт кабинеті жабдықталған.
Педиатриялық бөлімшеде 12 мыңнан астам балаға қызмет көрсетіледі. Емханада барлығы 8 учаске бар, онда бүлдіршіндерді 8 педиатр, 13 педиатриялық медбике және бейінді маман дәрігерлері қабылдайды.

Бұдан басқа, мұнда әйелдер кеңесі ашылды, ол емхананың басқа құрылымдық бөлімшелерінен бөлек орналасқан. Бұл жүкті әйелдердің инфекция жұқтыру қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Бөлімшеде сонымен қатар күндізгі стационар қарастырылған. Ол заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған.
Медициналық фирманың басшылығы міндетті медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс істей бастағаннан кейін қосымша жабдықтар сатып алуды жоспарлап отыр. 

"Жекеменшік секторға міндетті сақтандыру жүйесімен жұмыс істеу тиімді болады. Себебі біз халыққа ММСҚ-дан төленетін қаражат есебінен бұдан да көп қызметтерді ұсына аламыз. Егер бәрі жоспарланғандай болса, онда біз мұнда МРТ және басқа да қымбат құрал-жабдықтарды қойғымыз келеді", - деп мәлімдеді «Гиппократ» МФ ЖШС директоры Надежда Хохлова. 

Емханадағы әйелдер консультациясы бөлімшесі 7 акушерлік-гинекологиялық учаскеге есептелген. Қазір мұнда 7 дәрігер мен 9 акушер қабылдау жүргізеді.


Өзгелердің жаңалығы