Теміртауда аяғы жоқ етікші бизнес ашуды армандайды

10 Наурыз 2023, 10:26
940
Бөлісу:
Теміртауда аяғы жоқ етікші бизнес ашуды армандайды
PHOTO
Фото: Виталий Саврейдің жеке мұрағатынан алынды

Виталий Саврей – үшінші топтағы мүгедек. Мүмкіндігім шектеулі екен деп бос отырған ол жоқ.  Ол аяқ киім мен былғарыдан жасалған бұйымдарды жөндеумен айналысады деп хабарлайды BAQ.KZ Қарағанды облысы бойынша тілшісі. 

Ер адам 10 жыл бұрын Цемент өндіретін кәсіпорында жарақаттанған.  Аяғы тасымалдау шнегіне ілініп кетіпті. Жарадар аяқты сақтап қалу мүмкін болмады. Ұзақ уақыт бойғы оңалтудан соң  Виталий жаңа кәсіп – етікшіліктің қыр-сырын меңгерем деп шешті. 

Теміртауда аяғы жоқ етікші бизнес ашуды армандайды

Ең қиыны аяқ киімді толығымен бөлшектеп, жаңалау. Әдетте жұмыс барысында етіктің өлшемі өзгеріп кетіп жатады. Соған қарамастан, жұртшылыққа кепілдік беріп жұмыс жасаймыз,– дейді қала тұрғыны. 

Виталий өзінің шеберханасын «Ішпейтін етікші» деп атапты. Етікші біткеннің бәрі маскүнем емес дегенді аңғартықысы келген болса керек. Етікші дүңгіршегін Теміртаудың 8-ші шағын ауданына орналастырды.Өз ісін бес жыл бұрын ашқанымен, жақын болашақта шағын бизнесін кеңейтуді армандайды. 

Теміртауда аяғы жоқ етікші бизнес ашуды армандайды

Бүгінгі таңда етікшілік сұранысқа ие. Қолайлы баға, ең бастысы, сапалы және уақытылы жасалған іс клиенттер санын көбейтуге себі тиген.

Бұл істе аяқтың қажеті шамалы. Отырасың да жұмыс жасайсың. Мүмкіндігім шектеулі болғанымен, ешқандай шектеу сезінбеймін. Мүгедектіктің үшінші тобы бойға аз-кем медеу. Өйткені, ай сайын әйтеуір қаражат түсіп тұрады. Жұмысыңызды жақсы көрсеңіз, артық уайым мен сарсаңға орын қалмайды. Бастысы, ерінбей еңбек ету, – деп санайды Виталий.

Өзіңе деген сенім, табанды еңбек. Виталидің бүгінгі жетістігінің құпиясы осы. Қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға күдерін үзіп қоймай, мақсатына жету үшін жігерді жасытпауға кеңес береді.

Өзгелердің жаңалығы