Теміртауда заңсыз цифрлық актив өндірген азаматқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тергеу жұмыстарын ҚМА Қарағанды облысы бойынша департаменті жүргізді.
Э.Г. Толовов 2021 жылғы тамыздан бастап тиісті лицензиясыз жасырын криптоферма ұйымдастырған. Ол схеманы жүзеге асыру үшін Ресей Федерациясынан 156 бірлік майнинг жабдығын сатып алып, оны өз өндірістік базасына орналастырған. Э.Г. Толовов өндірген цифрлық активтерін криптобиржадағы аккаунтында жинап, кейін оларды «BinancePool» және «Litecoinpool.org» майнинг пулдары арқылы сатқан. Сауда P2P-аударымдар арқылы, USDT-ны теңгеге айырбастау арқылы жүзеге асқан. Жалпы өндірілген активтердің көлемі 11,2 BTC және 90,2 LTC құрайды, бұл шамамен 185 миллион теңгеге тең, - деп хабарлады ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.
Сот үкімі бойынша оған бір жылға бас бостандығынан айыру және барлық майнинг жабдығын конфискациялау түрінде жазалау тағайындалды.
Сонымен қатар, мемлекет кірісіне қылмыстық жолмен алынған 185 миллион теңге қайтарылды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысында криптовалюта саудасымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды.