Теміртау. 2020 жылға жоспар: ескірген 59 лифт жаңартылады

5 Ақпан 2020, 17:35
2047
Бөлісу:
Теміртау. 2020 жылға жоспар: ескірген 59 лифт жаңартылады

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов тұрғындар алдында есеп беріп, ағымдағы жылы қалада болатын өзгерістер мен шешімін табатын күн тәртібіндегі мәселелер жайлы баяндады.

Теміртау қаласы әкімі Ғалым Әшімов өткен жылдың қаланың тұрмыс-тіршілігі мен экономикалық дамуында ілгерілеу болғандығын айтады.

2019 жылы қала бюджеті 19 миллиард 870 миллион теңгені құрады. Оның ішінде әлеуметтік салада 12 миллиард теңге көлемінде қаржы игерілді. Бүлдіршіндерді балабақшамен қамту 99,5 пайызға жетті. Қалада бизнеспен айланысатындардың қатары артты. Қазіргі уақытта қалада 16 ірі, 30 орта және 2000-ға тарта шағын кәсіпкер өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Жұмыспен қамту бағытында да көптеген шаралар атқарылды. Өткен жылы 7444 тұрғын жұмыспен қамтылды. 230 мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналастырылды, - дейді қала басшысы.

Теміртаулықтарға өткен жылдағы атқарылған жұмыстар жайлы есеп берген әкім алдағы уақыттағы жоспарларды да баяндап, қала тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Халықты алаңататын экология мәселесін шешу бағатында қандай жұмыстар жасалып жатқандығына баса назар аударды.

Қаланың экологиялық мәселесі тұрақты бақылауда. Экологиялық жағдайды жақсарту бағытына арналған кешенді жоспар жасалған. Ол бойынша "АрселорМиттал Теміртау" комбинатын және жеке сектордағы тұрғын үйлерді
табиғи газ қолдануға көшіру жоспарлануда. Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан "Сарыарқа" газ құбырының құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін Отрадное, Әлеуметтік шағын аудандарында 700 жеке үйге табиғи газ жеткізіледі. Аталған шаралар экология мәселесін шешуге көмектеседі, - дейді Әшімов.
Әкімнің сөзінше, теміртаулықтардың жайлылығы үшін 2020 жылы қала ішінде жолаушылар таситын автобустары жаңартылып, көпқабатты үйлерге жеделсатылар қойылады. Қаладағы жұмыс істемейтін 196 жеделсатының биыл 59-ы, келер жылы 67-сі, қалғаны 2022 жылы ауыстырылады. Қаладағы ескі қоғамдық көліктердің барлығы да екі жылда жаңартылмақшы.

Құны 2 млрд 380 млн тұратын кәріз жүйесінің және 780 млн теңге қаржы жұмсалатын су құбыры жүйесіндегі жұмыстарды биыл аяқтаймыз. Қалада жаңа тұрғын үйлер салынып, әлеуметтік нысандардың да саны артады. Ағымдағы жылы екі балабақша қолданысқа беріліп, 20 мың адамға шақталған жаңа емхана халыққа қызмет көрсете бастайды. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының қаржы есебінен салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру орталығының да құрылысы аяқталады, - дейді қала басшысы.
Еске салайық, Теміртаудағы «қара қар» мәселесіне алаңдаушылық білдірген Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек экологиялық жағдайды жақсарту туралы өз ойын білдірген болатын.
Өзгелердің жаңалығы