Білім беру және қазақстандық ғылымды дамыту, жоғары білімді, өңірлік жоғары оқу орындарын дамыту және ғылым саласындағы жоғары оқу орындарының қосып жатқан үлесі ел ертеңі үшін аса маңызды жайт, деп хабарлайды Түркістан облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін 12 сәуір Қазақстан ғылым қызметкерлерінің күніне орай, киелі Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова ханыммен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Жанар Амангелдіқызы, Түркістан облыс орталығы болғанына биыл маусымда 5 жыл толады. Бұған дейін де оқу орындарын басқарған тәжірибеңізді ескерсек, аталған оқу орнына қандай жаңашылдықтар әкеліп қоса алдыңыз?
– Кез келген университетке жаңалық не болмаса өзгеріс енгізбестен бұрын, ең алдымен жан-жақты анализ жасап, стратегиялық жоспарды талдау керек. Себебі университет дегеніміз өте күрделі жүйе, кейбір өзгерістер мыңдаған адамның тағдырына әсер етуі мүмкін. Сондықтан маңызды өзгерістерді жоспарлы түрде енгізу, яғни ғылыми және экономикалық негізге сүйену шарт. Қазір өмір сүріп жатқан ортамыз біркелкі емес – ел ішінде де, халықаралық деңгейде де көптеген жаңалықтар мен өзгерістер жиі еніп жатыр. Сондықтан осы өзгерістерге ілесіп отыру өте маңызды. Кез келген университеттің дамуы оның стратегиялық жоспарына тәуелді болғандықтан, өзгеріс енгізу үшін осы стратегиялық жоспардағы параметрлерге жылда анализ жасалу қажет. Анализ нәтижесінде параметрлер ескіргені анықталса, онда университеттің тиісті мамандарымен талқылау арқылы жаңадан стратегиялық параметрлерді белгілеу керек. Біз дәл осы ұстаным бойынша жұмыс істедік. Сондықтан университетке алғаш келген күннен бастап, Халық үніне құлақ асатын университет концепциясы аясында университетіміздің миссиясы не, келешек көзқарасымыз қандай, құндылықтарымыз қандай деген сұрақтарға жауап іздедік. Университет қызметкерлерімен және студенттермен бірге талқылау жасадық. Талқылау нәтижесінде университетіміздің 2022-2026 жылдарға арналған Стратегиялық жоспарын жасап шығардық. Аталған стратегия аясында расында да келесі сатыға көтерілу үшін көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Академиялық үстемдік бойынша біршама жақсы жұмыстар жүзеге асырылды.
– Жас ғалымдарды қолдау, олардың еңбектерін бағалау қалай жүзеге асырылып жатыр?
– Біріншіден, кейбір факультеттер трансформациядан өтіп, кафедралар жаңадан жасақталды, білім беру бағдарламаларының (бұрын оларға мамандық дейтінбіз) мазмұны өзгерді. Сонымен қатар магистратура және докторантура бағдарламасында талантты жас ғалымдарды оқу ордамызға тарту үшін білім бағдарламаларын өзгертіп, осы саладағы жұмыстарымызды реттедік. Бұған қоса, халықаралық байланыстар, соның ішіндегі әсіресе Түркия Республикасындағы университеттермен жұмыс нығая түсті. Екіншіден, ғылыми ізденістерді қолдау бойынша көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Университетте ғылым бағытында әртүрлі ынталандыру шаралары болуы маңызды. Біздің университетіміз Үкіметаралық Өкілетті Кеңес арқылы басқарылады. Міне, осы Өкілетті Кеңес шешімімен, ғылыми жобалармен айналысып жатқан әріптестерімізге қолдау ретінде, ғылыми мақала және патент авторларын марапаттау бойынша ынталандыру қаражаты едәуір өсті. Мәселен, алдыңғы қатарлы халықаралық ғылыми журналдарда мақала шығарған ғалымдарымыздың гонорары 900 мың теңгеге дейін өсті. Соның жалғасы ретінде ғылыми жарияланымдар, көптеген жобалар саны артты. Жалпы, ғылым саласы бойынша үлкен жұмыс жасалынды. Нәтиже де жаман емес. Халықаралық сарапшылар тарапынан жақсы пікірлер алып, рейтингтердегі орнымыз біршама алға жылжыды. Университеттердің дүниежүзілік рейтингі бойынша әлемге әйгілі QS World University Rankings by Subject 2023 рейтингіне енген 8 қазақстандық университеттің қатарынан көріндік. Сондай-ақ, былтыр алғаш рет Qs World University Rankings 2023-ке еніп, әлемдегі университеттер арасында 714-ші орынға жайғасты. Мұның бәрі университет ұжымының ортақ жұмысының көрсеткіші.
Үшіншіден, университетіміз – қоғамға пайдалы болу миссиясын өте жоғарғы орынға қойып, сол бағытта көп жұмыс істеп жатыр. Біз Түркістан облысы, Қазақстан және күллі Түркі әлемі үшін қандай пайдалы жобалар жасай аламыз деген сұраққа үнемі жауап іздейміз. Осы мақсатта, былтырғы жылы университетіміздің 30 жылдығына арналған үлкен 30 жоба іске асты, ол жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Әрине университеттің инфраструктурасы да біршама өзгерді. Осы жұмыстардың барлығы өзімен өзі жасалып жатқан жоқ, жоғарыда айтылып кеткен Университетіміздің даму стратегиясы аясында орындалуда. Жүзеге асырылған жобалардың ішінен біреуін ғана атап өтейін. Мәселен, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігімен (ТИКА) бірлесіп, «Анажұрттан – Атажұртқа денсаулық көпірі» атты ауқымды жоба жүзеге асырылды. Аталған жоба аясында университет емханасына Түркия Республикасынан 1 321 000 АҚШ доллары сомасына дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтар түріндегі гуманитарлық көмек келді. Сонымен қатар, осы жоба аясында 2021 жылы университетте жалпы құны 160 мың АҚШ доллары шамасында екі жаңа зертхана (микробиология мен анатомия) іске қосылды және клиникамызға құны 90 мың АҚШ доллары болатын 290 бірлік заманауи медициналық құрал-жабдықтар әкелінді. Ал 2022 жылы Түркиядан педиатрия, генетика, оториноларингология, урология, кардиология, эндокринология, жұқпалы аурулар, травматология және ортопедия салалары бойынша танымал 30 медицина профессоры келіп, университеттің медицина факультеті мен клиникасында мастер-кластар мен семинарлар жүргізді, Түркістан облысы бойынша науқастарды тегін медициналық тексеруден өткізіп, ота жасады. Сонымен қатар университет клиникасының 27 дәрігері мен оқытушысы Түркияның жетекші университеттерінің клиникаларында (Medipol, Gazi, Marmara, İstinye, Cerrahpaşa) біліктілігін арттырып келді. Биыл Түркістан облысының тұрғындарына ауқымды медициналық қызмет көрсету үшін Түркиядан жоғары санатты 45 дәрігер келеді деп жоспарланып отыр.
– Байқауымша, университет тарапынан медицина мамандарын қолдап, тағылымдамадан өткізетін сияқтысыздар, осыны толықтырып айтып берсеңіз.
– Иә, оныңыз рас, жоба аясында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен 2021 жылдың қазан-желтоқсан айларында қалалық және аудандық медициналық ұйымдардың түрлі мамандықтағы 108 дәрігері Түркияның жетекші университеттерінің клиникаларында тағылымдамадан өтті. 2022 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының қолдауымен еліміздің аймақтарынан 60 дәрігер үшін Түркияда тағылымдама ұйымдастырылды. Медицина саласы бойынша жүргізіп жатқан осы жұмыстың бәрі осы «Анажұрттан – Атажұртқа денсаулық көпірі» жобамыз аясында жүргізілді. Байқап отырсаңыз, біздің университеттің әлеуеті өте жоғары, екі елдің қамқорлығындағы оқу ордасы. Сондықтан біздің беретін қызметіміз бен атқаратын жұмысымыз да осы дәрежеге лайықты болу керек. Университетіміздегі жақсы жаңалықтардың тағы біреуін атап өткім келеді. Өздеріңіз білетініңіздей, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздің аймақтық 20 ЖОО базасында академиялық үстемдік орталықтарын іске қосу жөнінде жақсы бастамасы бар. Осыған орай университетімізде «Yassawi академиялық үстемдік орталығын» ашу бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл орталық дамудың үш бағытын қамтитын болады: медициналық, биотехнологиялық және экологиялық. Неге біз осы үш бағытты таңдадық? Себебі осы үш бағыт бойынша университеттің ғылыми әлеуеті жоғары, сондықтан осы салаларды одан әрі дамытып, елімізге пайдалы жобалар жасай аламыз деп шештік.
Жоғарыда айтып өткенімдей, медицина саласы бойынша өте көп жұмыстар атқарылды. Жақсы сапалы медицина кадрларын дайындау, оны дүниежүзілік стандарттарға жеткізу – біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Ал биотехнология саласы бойынша стратегиялық жоспарымызға сәйкес, аграрлық факультеттің құрылысын және оны жасақтауды көздеп отырмыз. Бізде ол үшін толық мүмкіндік бар.
– Университеттің қамқорлығындағы Ботаникалық бақтың қазіргі жай-күйі қалай?
– Әрине біздің оқу орнымызда 88 гектарлық жерді алып жатқан керемет Ботаникалық бағымыздың бар екені көпшілікке мәлім. Мұндай бақ отандық ЖОО ішінде тек қана бізде бар. Ботаника бағының базасында көптеген ғылыми зерттеу жұмыстары, бірнеше коммерцияландыру жобасы жүзеге асырылды. Ал үшінші бағыт экологияны қолға алудағы басты мақсат – Түркістан өңірінде экологиялық жағынан шешілуі тиіс мәселелер жетерлік. Сол себептен университет шетте қалмай өз үлесін қосуы керек. Университетіміздегі Экология институты осы сала бойынша өңірде біршама жұмыстарды атқарып, маңызды экологиялық мәселелерді көтеріп жүрген ғалымдарымыздың инициативалары пайдалы болады деп сенеміз. Жаңа орталықты құру инновациялық білім беруді қалыптастыруға ықпал етумен қатар, қолға алынып жатқан медициналық, биотехнологиялық және экологиялық ғылым мен практика саласындағы әлемдік жетістіктерді ықпалдастыруға мүмкіндік береді. Жобаны қаржыландыру мөлшеріне келетін болсақ, өкімет тарапынан үш жылға жалпы 4 млрд теңге қаржы бөлу қарастырылған.
– Жоғары оқу орындарын өзге оқу орындарынан үздік етіп, ерекшелеу үшін, студенттерді көптеп тарту үшін ең бірінші не істеу қажет? Мүмкіндік болса, ең бірінші қай шетелдегі оқу орындарының тәжірибесін осында енгізгіңіз келер еді?
– Бүгінгі таңда университеттердің танымалдылығын арттыру үшін әртүрлі іс-шаралар өткізіледі. Өзіміз туралы айтар болсақ, жоғарыда атап өткен үш миссиямызды іс жүзінде көрсете білу – басты құралымыз. Әрине, осы бағытта PR жұмыстары, яғни қоғаммен қатынас жұмыстары өте маңызды. Соның ішінде, мысалы студенттерді көптеп тарту үшін ең бірінші, кәсіби бағдар беру жұмыстары өте дұрыс жолға қойылуы керек және мүмкіндік болса мектептегі соңғы сынып оқушыларына ғана ден қоймай, төменгі сыныптардан басталуы керек. Ол үшін әртүрлі сала бойынша қызығушылық танытып жүрген мектеп оқушыларының арасынан жастайынан өнерге, спортқа бейім балаларды және орта сыныптардан ғылыми ізденістерге құштар балаларды анықтап, әртүрлі олимпиадалар жүргізіп, соларды тарту жолдарын қарастырған жөн. Екіншіден, жоғары сыныптарға арналған арнайы кәсіби бағдар жұмыстарын ұйымдастыру. Осы бойынша университетімізде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Қазіргі кезде әлеуметтік медиа арқылы жақсы байланыс құруға тырысып жатырмыз. Заман талабынан қалмай, оған ілесе отырып жұмыс істеу. Мәселен, Instagram парақшамыздағы балалардың саны, жазылымдардың саны, оқырмандардың саны біршамаға кеңейіп отыр. Тұрақты 15 мыңнан астам оқырман тіркелген. Әрине, олардың көпшілігі жастар, оқушылар, талапкерлер. Бұдан бөлек, Facebook, Telegram және өзге де онлайн ақпарат тарату құралдарының мүмкіндігін барынша қолдануға тырысамыз. Шетелдік оқу орнының тәжірибесін енгізу жайлы айтар болсақ, біз халықаралық қазақ-түрік университеті болғандықтан, атымыздың өзі айтып тұрғандай, бірінші кезекте Түркия Республикасының алдыңғы қатарлы университеттерімен байланыс құруға назар аударамыз. Қазіргі уақытта біздің ғалымдарымыз мен профессор-оқытушы құрамы түркиялық университеттермен мүмкіндігінше көбірек бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру үшін жұмыс істеп жатыр. Былтыр осындай серіктестіктің нәтижесінде Теология факультеті ашылды. Келешекте аграрлық факультетті де Түркия Республикасындағы университеттердің жақсы тәжірибесін ескере отырып, ашуға дайындалып жатырмыз.
– Мектеп бітірген түлектер, жалпы осы оқу орнына түскісі келетіндер неліктен Ясауи университетін таңдауы керек? Бес маңызды себебін атап өтсеңіз.
– Ең алдымен, Түркі дүниесіне ортақ білім ордасы болғандықтан, студенттеріміз халықаралық диплом иегері атанады. Бұл университет түлектерінің дипломдары барлық түркітілдес елдерде еш кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді деген сөз. Екінші себеп, шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып, Түркиядағы 100-ден астам ЖОО тәжірбиеден өту және Еуропаның ең үздік университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болады. Келесі маңызды себеп – түлектеріміздің жұмысқа орналасу мәселесі. Бұл тұрғыда барынша қолдау көрсетеміз. Мысалы, университет бойынша өткен жылдың түлектерін жұмысқа орналастырудың орташа көрсеткіші 80%, ал бірқатар мамандықтар бойынша 90-100%-ға жетті. Яғни, университетіміздегі тәжірибеге бағытталған білім берудің жоғары деңгейі түлектерімізге деген сұраныстың бар екенін көрсетеді. Төртіншіден, студенттерді әлеуметтік қолдау жүйесі қалыптасқан. Түркия үкіметі жыл сайын біздің университетте оқимын деген талапкерлерге тегін білім алуға арналған 500 квота бөледі. Үлгерімі жақсы болған жағдайда ақылы негізде білім алатын студенттеріміз де осы түрік квотасына ауыса алады. Бұған қоса, жыл сайын ақылы негізде оқитын 100-ден астам студентке оқу ақысына жеңілдіктер беріледі. Тұл жетім, спорт саласы бойынша Әлем, Азия чемпиондарына 100, 75, 50, 25 пайыз жеңілдіктер қарастырылған. Бесіншіден, университет аумағында орналасқан оқу корпустары, кітапхана, асхана және лабораториялардың барлығы студенттеріміздің алаңсыз білім алуына және студенттік жылдарының естен кетпестей өтуіне мүмкіндік береді.
– Оқытушылар қауымын, студенттерді жалпы қалай шабыттандырып, жұмысқа жұмылдырасыз? ЖОО қабырғасындағы оқытушылар, ғалымдар қандай жаңалықтар қоса алды?
– Студенттер мен оқытушыларды шабыттандыру үшін, басқару ғылымы болған менеджменттің теориясы мен практикасына сүйену өте маңызды. Әсіресе соңғы жылдары мотивация теорияларының жаңа қолданыс аяларын кеңейткен ұйымдардың тәжірибесі өте қызық. Жалпы мотивация теорияларының ішінде ең маңыздысы ретінде «әділет» теориясын айтар едім. Оқытушыларды немесе студенттерді ынталандырғыңыз келсе, әділетті жүйе құру құруды бірінші кезекке қою керек. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың да «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы деп жүргені де осыны көздейді. Себебі мемлекетті басқарудың да негізі – әділетті жүйе. Ал университетте әділеттілікті қалыптастыру – әділетті қоғам құрудың алғышарты. Сіздің ресурстарыңыз аз болса да, оларды әділетті түрде жұмсайтын болсаңыз – наразылық тумайды. Керісінше, көп ресурсты әділетсіз түрде – мынау жақыным, туысым, танысым деп бөлу, түбінде жағдайды ушықтырып, дау-дамайға әкелетіні анық. Сондықтан, студенттеріміз университет қабырғасынан бастап әділетті болу принципінің мән-маңызын аңғарса, жетік меңгеріп, пайдасын көрсе, алдағы өмірінде де осы ұстаныммен жүреді деп сенемін. Біздің университетте жыл сайын Түркия тарапынан 500 квота бөлінетінін атап өттім. Міне, осы квота бөлінген кезде бәрі әділ болуы үшін ашық саясатты ұстанамыз. Процесті ашық түрде жүргіземіз. Талапкерлердің алған ұпайы арнайы кестеге енгізіліп, ата-аналардың назарына ұсынылады. Босаған грант немесе квота орындарын қайта бөлгенде де әділетті болу принципіне жүгінеміз. Міне, осындай әділетті іс-әрекеттерді көрген студенттер жақсы оқуға тырысады.
Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары Ғылым және жоғары білім министрлігінде де өте маңызды мәселелер көтеріліп жатыр. Жастарға жол көрсету үшін түрлі республикалық олимпиадалар ұйымдастыру, ғылыми зерттеу жұмыстарына қолдау және т.б. шаралар жүзеге асып жатыр. Университетіміз тұрғысынан айтар болсақ, білім алушылардың оқу үдерісі барысында алған білімдерін жақсы меңгеруі, олардың ғылыми-техникалық және әлеуметтік ой-өрісін кеңейту, жаңа идеяларды меңгеруге, ғылыми ақпараттарды тиімді қолдануға дағдылауға ерекше ден қойылған. Осы мақсатта білім алушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатыстыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2022 жылы 17 білім алушының ғылыми-зерттеу жұмыстары республикалық байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылып, министрліктің дипломдарымен марапатталды. Әділетті болу принципі тек студенттердің ғана емес, ғалымдар мен оқытушылардың арасында да өте маңызды. Соңғы жылдары елімізде ғылымды қаржыландыру 3,5 есеге артқаны баршаға мәлім. Бұл ғылыми жұмыстарды жүргізуге арналған қаржылардың артуына мүмкіндік берді. Сәйкесінше, конкурс саны да өсті. Енді өтініш берушілер де көбейеді деп ойлаймыз. Бұл жұмыс ашық әрі әділ түрде жүрсе, көп күттірмей өз нәтижесін көрсетеді деп ойлаймын. Оқу орнымыз осы ғылым бағыты бойынша көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, тек 2022 жылы 6 оқытушымыз республикалық конкурстың жеңімпазы болып, «ЖОО Үздік оқытушысы» атағын алды, 3 оқытушымыз министрліктің 2022 жылдың «Мемлекеттік ғылыми стипендиясының» иегері, 11 оқытушымыз «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында АҚШ, Ұлыбритания, Түркия, Ресей секілді елдерде ғылыми тағылымдамадан өтті. Қазіргі уақытта 11 оқытушымыз осы бағдарлама бойынша ғылыми тағылымдамадан өтуге өтініш берді.
– Жұртшылық арасында «Пәлен университеттің дипломына, бітіруші түлектеріне сұраныс жоқ» дегенді естіп қалып жатамыз. Бұл тұрғыда өзіңіз басқарып отырған қазақ-түрік университеті қалай?
– Шын мәнінде, қазіргі таңда нарықта әртүрлі университеттер бар. Сол себепті кейбір университеттердің дипломдарын алған бітіруші түлектерге мамандық бойынша жұмысқа орналасу қиынға түсіп, сұранысқа ие бола алмай жүрген жайы бар. Міне, осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында университетіміз бәсекеге қабілетті болу үшін түлектермен арнайы жұмыстар жүргізеді. Академиялық саясатымыз осы бағытта жүзеге асырылады. Біз үшін түлектеріміздің бітіріп шыққан бойда жұмысқа орналасуы өте маңызды. Жоғарыда да айтып өттім, өткен жылғы түлектерді жұмысқа орналастырудың орташа көрсеткіші – 80 %. Әрине әр мамандық бойынша көрсеткіштер де әртүрлі. Осы екі жылдың ішінде білім беру бағдарламалары бойынша бірнеше рет аудит жүргіздік. Білім беру бағдарламалары бойынша әлемдегі және еліміздегі ең мықты университеттердің білім беру бағдарламаларымен салыстырып, Benchmarking жүргізіп отырмыз. Benchmarking арқылы не білеміз? Мысалы, студенттеріміздің дұрыс машықтарға ие болуы, болашақта таңдаған бағыттары бойынша үздік маман болып шығуы, осы жолда оларды қалыптастыру үшін дұрыс пәндерді белгілеуіміз қажет. Кей жағдайларда өкінішке қарай, университет оқытушылары үйреніп қалған пәндер бойынша сабақ өткізгісі келеді, өзгерістерге дайын болмай жатады. Ал Benchmarking арқылы біз әлемдегі және Қазақстандағы озық тәжірибені қарап, студенттермен және жұмыс берушілермен фокус группа өткізіп, сол арқылы өзіміздің білім беру бағдармаларының сапасын арттыру жұмыстарын жүргіземіз. Бұл жұмыстар дипломдарымыздың деңгейін көтеріп, түлектеріміздің жоғары сұранысқа ие болуына әсер етері сөзсіз. Атап айтатын болсақ, өткен жылы магистратура және докторантура білім беру бағдарламаларын 100% жаңартып, реестрға енгіздік. Биыл бакалавр бойынша білім беру бағдарламаларын 100% жаңартып жатырмыз, реестрға енгізу процесі жүріп жатыр. Сонымен қатар, біздің оқу ордамызда мансапты дамыту және жұмыс берушілермен байланыс орталығы бар. Осы орталық арқылы нарықтағы сұранысты қадағалап отырамыз. Нарықта қандай мамандықтар сұранысқа ие, қандай мамандыққа сұраныс төмендеді деген мәселелердің барлығы біздің назарымызда. Университетіміз халықаралық университет ретінде Түркі дүниесінің нарығына білікті мамандар дайындайтын болғандықтан, түркітілдес елдерден келіп білім алып жатқан 1500-ге жуық студентіміз бар. Оқу ордамызды бітірген бойда тек Қазақстанда ғана емес, Түркияда және басқа да елдерде жарамды халықаралық дипломды иеленеді. Ең маңыздысы нарықтағы бәсекеге ие болу, нарықтағы орнын жоғалтпау үшін жұмыстар жүргізіп отырамыз.
– Халықаралық қазақ-түрік университеті бауырлас екі елдің арасындағы алтын көпір іспетті. Осы 30 жыл ішінде неше шетелдік түлек бітіріп шыққаны туралы статистика бар ма? Олармен байланыс жағы қалай? Қазақ елінен алған диплом олардың өміріне қаншалықты пайдасы тигені туралы мониторинг пен зерттеулер, талдаулар жүргізіле ме?
– Осы сұрақ бойынша статистикаға жүгінсек, университетімізді бүгінгі күнге дейін түркітілдес елдерден 3300-ге жуық түлек бітірген. Тек қана былтырғы 2021-2022 оқу жылында жалпы 2152 түлек бітіріп шыққан болса, оның 195-і шетелден келген түлектер екен. Түркі әлемі елдерінің қай қайсысын алсақ та, мақтана алатын түлектеріміз жетерлік. Әсіресе, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан республикаларынан келген түлектердің арасында жоғары лауазымда қызмет атқаратын түлектеріміз бар. Мысалға алатын болсақ, оқу орнымыз алғаш құрылған жылдары Түркия Республикасынан келіп, білім алған Синан Йылдыз – Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісінің Кеңсе басшысы, Селчук Каплан – Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі (ТҰҰМ) төрағасының (Парламент спикерінің) кеңесшісі. Тағы да айтар болсақ, Уфук Тузман қазір TRT – Түркия Үні радиосының қазақша редакциясында бағдарлама жүргізушісі, Президент аппаратының мемлекеттік аудармашысы, Еуразия жазушылар одағының Атқару кеңесі мүшесі, Қазақ әдебиеті аудармашысы ретінде қызмет етуде. Акиф Али Шабан есімді түлегіміз Болгария Әскери медициналық факультеті, Интервенциялық кардиология бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқарады. Біз түлектерімізбен әлеуметтік желілердегі парақшаларымыз арқылы байланыс жасап тұрамыз. Университетімізді бітірген мамандардың әрқашан біздің дипломмен мақтана алу үшін үздіксіз жұмыстар атқарылуда.
– Құпия болмаса ақылы бөлімде оқитын студенттің бір жылдық төлемақысы қанша?
– Жоқ, құпия емес. Университетімізде бакалавр бойынша білім алатын студенттерге жылдық төлемақы – 600000 теңге, шетел азаматтары үшін – 800000 теңге болып белгіленген. Ал медицина саласы бойынша жылдық төлем ақы – 900 000 теңге, шетел азаматтары үшін – 1000 000 теңге. Қазір нарықтағы қолжетімді баға деп айта аламыз.
– Университет бюджеті туралы айта кетсеңіз. Неліктен кейбір мамандықтар қымбат, кейбір мамандықтардың оқыту бағасы сәл төмендеу?
– Әр мамандық бойынша мемлекеттік тапсырыстың бекітілген бюджеті бар, шығындары белгіленген. Осы шығын көздері арқылы мемлекеттік тапсырыстың құны бекітіледі. Ақылы бөлімдердің төлемақысы бойынша осы талаптарды ұстануымыз қажет. Мемлекеттік тапсырыспен дайындайтын мамандықтар төлемақысы – 1000000 теңге болса, біз одан төмен қылып белгілей алмаймыз. Жоғарыда атап өткенімдей, әр мамандықтың белгіленген шығын деңгейі бар. Сондықтан баға осы деңгейдің 30-40%-нан төмен болмауы керек. Білім беру бағдарламалары, оқу кредиттері бойынша әр мамандықтың бағасы шығын деңгейіне сәйкес болады. Мысалы, медицина 5 жыл, ары қарай интернатурасы бар, лаборатория жұмыстары бар, шығындары көп болуына байланысты жоғары төлемақы белгіленеді.
– Студенттер жатақханамен толық қамтылған ба? Бұл мәселе жағы сіздерде қалай шешілген?
– Қазіргі таңда университетімізде студент жатақханасының саны – 7. Бүгінде елімізде жатақхана мәселесі өткір тақырыптардың бірі екені жасырын емес. Жыл сайын мемлекеттен бөлінетін грант саны көбейіп жатыр. Тиісінше, бұл жатақханаға деген сұранысты арттырады. Біз өз тарапымыздан жатақхананы қажет ететін студенттерімізді қамтамасыз етуге тырысамыз. Мәселен, былтыр өзіміздің жатақханаларымыздан бөлек, тағы 2 жатақхананы жалға алып, студенттерімізді орналыстырдық. Осылайша, қазіргі уақытта студенттеріміздің 75%-ы жатақханамен қамтылған. Жатақхана орындарынан бөлек, оның инфрақұрылымына да мән берген жөн. Орын жетпей жатыр деп, шәкірттеріміздің өмірі және денсаулығын қауіпке қалдыра алмаймыз. Сондықтан жатақханалардың жағдайына да аса мән берген жөн. Осы мақсатта былтыр екі бірдей жатақханамызда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Есіктері, жуынатын бөлме, ас үй және жұмсақ жиһаздардың бәрі жаңасына ауыстырылды. Басқа жатақханаларға да ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, студенттерімізді қажетті заттармен қамтамасыз еттік. Биыл да жөндеу жұмыстарын жалғастырамыз. Бір сөзбен айтқанда, шәкірттеріміздің алаңсыз білім алуына барлық жағдайды жасауға тырысып жатырмыз.