Темірбек Жүргенов ауылында 13 мың түп алма ағашы жайқалып тұр

30 Сәуір 2020, 20:13
3795
Бөлісу:
Темірбек Жүргенов ауылында 13 мың түп алма ағашы жайқалып тұр

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы Жалағаш ауданында 12650 түп ағаш алма бағы жайқалып өсіп тұр.

Кәсіпкер Әліби Бекжанов алма шаруашылығын осыдан үш жыл бұрын қолға алған. Туған ауылы Темірбек Жүргенов елді мекенінің іргесінен 6 гектар жерді өңдеп, 13 мың түпке жуық алма ағашын отырғызды. Жобаға 20 миллион теңге қаражат жұмсалды. Төккен тер бүгінде ақтала бастады, бақтағы алма ағаштары екінші жыл қатарынан гүлдеді.

Әдетте алма бақтары Алматы, Түркістан, Шымкент өңірлерінде өседі. Содан ба екен, әдепкіде осы жобаны ойлап жүргенде кейбір адамдар күмәнмен қарады. Бірақ біз көп іздендік. Кеңес Одағы тұсында Жалағаш ауданында алма бақтар өскен екен. Бертінде қараусыз қалып, қурап, жойылып кетті. "Көз қорқақ, қол батыр" деген, жаңа жобаны іске асыруға кірісіп кеттік. Сөйтіп, алма ағашының бес сұрпын таңдап алдық. Олар "Гала М-6" , "Гала М-9" , "Голден" , "Грени Смит" және "Фуджи" деп аталады. 6 гектар жерге 12 650 түп көшет отырғыздық. Қазір бәрі жайқалып тұр және жаппай гүлдеді. Біздің болжауымызша биыл 70% өнім береді деп отырмыз. Келешекте бақтың әр гектарынан 150 тоннаға дейін алма жинауға болады. Сосын өнімімізді нарыққа шығаруды ойластырамыз. Алма бақ өсірудегі негізгі мақсат – туған ауылымыздың дамуына үлесімізді қосу еді. Яғни, ауылда жұмыссыздық азаяды, экология жақсарады, тұрғындар табиғи өнім жейтін болады, – дей келе кәсіпкер болашақта алма бақтың көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Ал Әсет Әбуов, Мейрамбек Мекебаев бастаған бағбандар алма бақты күтіп-баптауда. Мұнда жұмыс істеп жатқанына 3 жылдай болған. Тәжібиелері толысып қалыпты. Жалпы, бақта Темірбек Жүргенов ауылының тұрғындары еңбек етуде.
Алма ағаштары тамшылатып суарылады. Бұл әдіс суды әжептеуір үнемдейді. Бір тағы пайдасы, арамшөп қаулап кетпейді. Менің міндетім осы – ағаштардың уақытылы қоректендірілуін қадағалау. Баптағанның нәтижесі, былтыр ағаштар жеміс берді. Ал осы жылы өнімді мол береді деп ойлаймыз. Себебі, биыл ағаштар 100% гүлдеді, – деді М.Мекебаев.

Өзгелердің жаңалығы